Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы бір жылда 5 трлн теңгеге өсті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағы 22,8 трлн теңгеге жеткен. 2024 жылы зейнетақы қорындағы жинақ көлемі 4,93 трлн теңгеге немесе 27,6% өскен. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлайды.

Соның ішінде 21,88 трлн теңгесі – міндетті зейнетақы жарналары. Ол бір жылда 26,5%-ға артқан.

Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) шамамен 653,77 млрд теңгені құрап, жыл ішінде 15% өсім байқатқан.

Ең үлкен өсім байқатқан – ерікті зейнетақы жарналары. Қазір қорда қазақстандықтардың 7,94 млрд теңге ерікті зейнетақы жарналары жинақталған. Ол бір жылда 1,5 есе өсті.

Бір жылдағы ең үлкен өсімді (50,3%), 2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 7,94 млрд теңге көлеміне жеткен ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті.

Инвестициялық табыс қандай?

Қазақстандықтардың болашақ зейнетақысы зейнетақы жарналары мен инвестициялық кіріс есебінен өскен.

2024 жылға есептелген таза инвестициялық кіріс 3,36 трлн теңгеден асқан. Былтыр инвестициялық табыс екі есе өсті. 2023 жылғы инвесттабыс 1,6 трлн теңгені құраған.

Қордан қанша қаржы алынды?

2024 жылдың ішінде БЖЗҚ-дан түрлі төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар түрінде 1,32 трлн теңге аударылған. Бұл 2023 жылғы төлем көлемінен 2,24 есе артық. Төлемдердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайларын жақсарту мен ем-домға жұмсалған.

Соның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдерінің еншісінде – шамамен 609,89 млрд теңге. Баламалы мақсаттарға берілген төлемдер көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 2 есе өскен.

Зейнет жасына толуына байланысты шамамен 204,22 млрд теңге төленген. БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына байланысты берілетін орташа айлық төлем – 33 906 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғарғы сомасы – 945 752 теңгені құраған.

Зейнетақы қоры активтерін негізінен Ұлттық банк басқарады. Былтыр активтерді инвестициялаудан түскен табыс табысы 17,84%-ды құрады.

Сондай-ақ оқыңыз