Өңірлерде айыппұлдар саны артып келеді
Қазақстанда айыппұлдардың артуы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды азайту мақсатында жүзеге асырылып отыр. Бұл шара жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді тәртіпке шақыру үшін қолданылады. Айыппұлдардың артуына бірнеше себептер бар.
Біріншіден, жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайларының көбеюі. Мысалы, жылдамдықты асыру, бағдаршамның қызыл түсіне өту немесе қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты әрекеттер жиі тіркеледі.
Екіншіден, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты алдын алу шаралары ретінде айыппұл мөлшерін ұлғайту тиімді тәсіл ретінде қарастырылады.
Үшіншіден, бұл мемлекетке түсетін кірісті арттырудың да бір жолы.
Айыппұлдар артып келеді
Еліміздегі бюджеттік заңнамада айыппұлдар жергілікті бюджетке түседі. Қазақстандағы өңірлердің ішкі істер департаменттері, олардың аумақтық бөлімшелері салатын әкiмшiлiк айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алулар да сол өңірдің жергілікті бюджетіне түседі.
Бүгінде жоғары жабдықталған көше камералары жол көлік оқиғаларындағы құқық бұзушылықты азайтумен қатар, қазынаны айыппұлдармен толтыруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, былтыр еліміздің 20 өңірі әкiмшiлiк айыппұлдар, өсiмпұлдар, санкциялар, өндiрiп алулар салдарынын бюджетке жалпы 133,2 млрд теңге салықтық емес түсімдер кірістелген.
2024 жылы жергілікті бюджетке түскен кіріс көлемі Алматы қаласы өз бюджетіне 37 млрд, Астана қаласы 14,5 млрд, Түркістан облысы 12,0 млрд теңгені құрады.
Айыппұлдардың артуы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді тәртіпке келтіруде белгілі бір деңгейде нәтиже беруі мүмкін. Бірақ оның тиімділігі қоғамдағы құқықтық мәдениеттің деңгейіне де байланысты. Бұл ретте тек қатаң айыппұлдар ғана емес, сонымен қатар халыққа жол ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.
Айыппұлдар жол көлік оқиғасын азайтпай тұр
Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны артып келе жатқандығы қоғам үшін үлкен мәселе болып отыр. Ішкі істер министрлігі 2024 жылды қортындылады. Елімізде былтыр жол көлік оқиғалардың саны 15 711 болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,1%-ға азайғанымен, өлім саны артып келеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша былтыр елімізде 2 579 адам көліп апаты салдарынан қайтыс болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,4%-ға немесе 36 адамға көп.
Жол көлік оқиғалары көбіне қандай себептерден болады?
Мұндай жағдай бірнеше факторларға байланысты. Біріншіден, жүргізушілердің жауапсыздығы, жылдамдықты асыру, қауіпсіздік ережелерін сақтамау және мас күйде көлік жүргізу оқиғалардың жиілеуіне әсер етеді.
Екіншіден, жол инфрақұрылымының сапасы төмен болуы. Кейбір жолдардың нашарлығы және жол белгілері мен жарықтандырудың жеткіліксіздігі де басты себептердің бірі.
Сонымен қатар, көлік санының артуы, әсіресе қалаларда, жол қозғалысы қарқындылығын күшейтіп, апаттық жағдайларды көбейтуде. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де маңызды мәселе. Себебі олар жиі жолда рұқсат етілмеген жерлерден өтеді немесе жаяу жүргіншілер жолдарын дұрыс пайдаланбайды.
2025 жылдан бастап АЕК мөлшерінің өсуіне байланысты айыппұл көлемі де арта түсті. Қазақстандағы айыппұл мөлшері көрші елдердікіне қарағанда көп.