Демалысты пайдалы әрі қызықты өткізу үшін, ғылыми-танымдық Qalam порталында жарияланған материалдар топтамасын ұсынамыз. Осы аптада: Qalam редакциясы дайындайтын ескі газет қиындылары айдарында 1871 жылғы «Түркістан уәлаятының газеті» жариялаған «Ресейге Түркістан не үшін керек?» атты жазбамен таныс боламыз. Апта петроглифiнде Ольга Гумированың «Лабиринт» зерттеуі «Қазақ даласында Минотавр болған ба?» деген жұмбақ сұрақ тудырады және таңбалы тастың тылсым сырына қанығатын боламыз. 20-ғасырдың басындағы Қазақ даласының күнделікті тыныс-тіршілігін суретке түсірген сол кездегі еуропалық этнографтардың фотосуреттеріне қарап, қазақ күресіне деген құштарлықтың қаншалықты кең тарағанын аңғаруға болады. Бұл жайлы фотоархив айдарынан толықтай мағлұмат аласыздар. Сонымен қатар күні кеше Вашингтондағы Капитолий ротондасында Дональд Трамптың инаугурациясы өтті және ол Америка Құрама Штаттарының 47-ші президенті ретінде сайланып ресми түрде қызметіне кірісті. Осыған орай Qalam редакциясы тарихтағы таққа отыру рәсмдері қалай өткені туралы «КӨК ТӘҢІРІ АЛҚАУЫМЕН» атты зерттеу мақаласын жариялады.
РЕСЕЙГЕ ТҮРКІСТАН НЕ ҮШІН КЕРЕК?
«Түркістан уәлаятының газеті». 1871 жылғы №1 санында осы басылымда ресейлік әскери экспансиядан Самарқан мен оның төңірегіндегі ел үшін қандай пайда бар екені «жақсылап» сипатталған мақала жарияланды. Ашығын айту керек, автор жауланған жерлердің бірінші кезекте метрополия үшін экономикалық пайда әкелетінін білер-білместен атап өткен.
«Түркістан уәлаятының газеті» — Түркістанда орыс тілінде жарық көрген тұңғыш ресейлік апталық газет. Оның қазақ және өзбек тілдерінде қосымшасы да болды. Түркістан генерал-губернаторы кеңсесі жанында ашылған газет Ташкентте 1870 жылдан шыға бастады және 1917 жылдың желтоқсанына дейін басылып тұрды.
ЛАБИРИНТ
Минотавр Шу-Іле тауларына достық пейілмен сапарлап келген дей аламыз ба? Оған күмәніміз бар. Өйткені қыз-жігіттің басын жұтқан крит-микен құбыжығы туралы аңыз-әпсананың біздің далаға жаңғырығы да жетпеген. Алайда Крит аңыздарындағыдай лабиринт бізден де табылып отыр. Нақтысы суреті бар.
Сирек кездесетін петроглифтер салынған тақтатас Құлжабасы шоғырында (Жамбыл облысындағы Шу-Іле таулары) жатыр. Лабиринт суреті киелі орынның орталығынан шеткері жерде орналасқан. Құдды бір бөтен көзден жасырып қойғандай көрінеді. Бәлкім, бұл тақтатасқа құпия ақпарат қашаған шығар? Әлде көпшілікке емес, таңдаулы жандарға ғана арналып салынды ма? Осы сұрақтар төңірегінде ақпарат білгіңіз келсе сілтемеге өтіңіз.
ҚАЗАҚША КҮРЕС
Қазақ балуаны Қажымұқанның 20-ғасырдың басындағы халықаралық табысы мен оны көпшіліктің мойындауы таңғаларлық жағдай емес. Қазақ даласының күнделікті тыныс-тіршілігін суретке түсірген сол кездегі еуропалық этнографтардың фотосуреттеріне қарап, қазақ күресіне деген құштарлықтың қаншалықты кең тарағанын аңғаруға болады. Әр таптың ересектері күреске шыққан, ас беруде де, үйлену тойында да күрескен, балалар өз бетінше, болмаса жаттықтырушының бақылауымен де күреске шыққан. Сайып келгенде, жекпе-жекті ұйымдастыру үшін жігерлі рух пен бірнеше көрерменнен басқа ештеңе қажет емес.
КӨК ТӘҢІРІ АЛҚАУЫМЕН
2025 жылдың 20 қаңтарында Вашингтондағы Капитолий ротондасында Дональд Трамптың инаугурациясы өтті және ол Америка Құрама Штаттарының 47-ші президенті ретінде сайланып ресми түрде қызметіне кірісті. Осы сәтті пайдалана отырып, біз Византия императорларына тәж кигізу рәсімі, Құрылтайда Моңғол империясының ұлы ханын сайлау, Осман сұлтандарының «семсерді белге байлау» рәсімі, Ұлы Моғол империясы падишахының тәж киюі, Қазақ хандарын ақ киізге көтеріп хан сайлау негізінде кейбір айтулы империялардың билеушілері мен қазақ хандарының ұлықтау рәсімінің қалай жүзеге асқаны туралы толық ақпарат беретін боламыз. Толығырақ сілтемеде.