10 жасар қыз Тоқаевтан Денсаулық сақтау министрін отставкаға жіберуді сұрады
Алматы облысында тұратын Айлин Шәудірбаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы отставкаға жіберуді сұрады.
10 жасар қыздың үндеуін «Письма к президенту» телеграмм-арнасы жария етті. Оның айтуынша, 7 ай бұрын оған тыныс демікпесі диагнозы қойылған. 2024 жылдың желтоқсан айында Педиатрия институтының пульмонологі демікпенің 4-деңгейі деп бекітіп, ремиссияға 3 ай уақыт берген.
Қыз баланың айтуынша, ремиссия кезеңінде дәрігерлер оған аурудың өзімен күресетін дәрілер емес, демікпе талмасын уақытша тоқтататын дәрілер тағайындаған. Денсаулығы нашарлағаннан кейін, қант деңгейі біресе түсіп, біресе көтеріліп жатқанын, соның салдарынан қол-аяғы, мойны істемей қалатынын айтып, бұл дерттен емделуі қажет екенін атап өткен.
«Бірақ Ақмарал Әлназарова үшін мен қуыршақ немесе зат сияқтымын. Мен ойнап болған соң, тастай салатын қуыршақ емеспін. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ақмарал Әлназарованы қызметінен босатуыңызды сұраймын. Себебі ол пациенттерге немқұрайлы қарайды», – деп аяқтаған өз сөзін Шәудірбаева.
KursivMedia оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдады.
Айта кетейік күні кеше, 27 қаңтарда, Мәжілісте МӘМС мәселесіне қатысты министр Әлназаровамен депутаттар арасында қызу талқы жүрген. Депутаттардың бірі оның жұмысын сынаса, кейбірі жүйені тоқтатуға болмайтынын айтқан.