АҚШ-қа жауап. Қытай жасанды интеллекті дамытуға 138 млрд доллар жұмсамақшы
Қытай жасанды интеллекті дамытуға 1 трлн юань (138 млрд доллар) жұмсамақшы. Бұл туралы Constellation Research компаниясының негізін қалаған Рэй Ванг хабарлаған.
«Қытайдың жасанды интеллекті дамыту бойынша жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда AI индустриясын қолдауға 1 триллион юань (138 миллиард доллар) жұмсалады. Бұл Қытайдың жасанды интеллекті дамытуға бағытталған ең маңызды бағдарламасы болуы мүмкін», – деп жазған Ванг.
Бұл қаражат Қытайдың Baidu, ByteDance, Alibaba және DeepSeek сияқты жергілікті технологиялық алпауыттарын қолдауға жұмсалады.
Айта кетейік, жақында АҚШ президенті Дональд Трамп жасанды интеллекті дамытуға арналған StarGate бағдарламасын іске қосып, оған 500 млрд доллар көлемінде қаражат бөлетінін мәлімдеді. Трамп бұл жобаның 100 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп, АҚШ-тың ЖИ саласындағы көшбасшы елге айналуына жол ашатынын айтты.
Сарапшылар Қытайдың ЖИ-ге қомақты қаржы бөле бастағанын, осы америкалық жобаға жауап деп бағалайды.