Испандық журналистер Құлыбаевтың Жерорта теңізі жағалауындағы қымбат виллаларын тапты
Испандық icij.org сайтының журналистері Қазақстандағы ең бай азаматтардың бірі, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі өте жақсы қорғалған қымбат виллаларды тапқанын жазды. Басылым мәліметінше, аумақтың жеке иелікке өтуі жергілікті тұрғындарды жағажайлардың бірінен айырған.
Иеліктің ауқымы
Виллалар Барселонадан бір жарым сағаттық жолдағы Льорет-де-Мар қаласында орналасқан.
Басылым қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан сәулетті виллаларда Құлыбаевтар отбасы шамамен 2010 жылдан бері жаздың бір бөлігін өткізетінін, әдетте Динара Құлыбаеваның туған күнін атап өтуге келетінін жазады. 2024 жылы Құлыбаевтар отбасы екі айдан астам уақыт осы жерде өткізген.
Иеліктің жалпы аумағы шамамен 40 мың шаршы метрді құрайды. Бұл шамамен 80 америкалық футбол алаңының аумағына тең. Орманды аймақ пен тұрғын үйлер ауданы шамамен 11 мың шаршы метр.
«Төменде жатқан Жерорта теңізінің көрінісі бұл жердің сұлулығын айшықтай түседі. Бұл жұмақ қой». «Бұл сөзге толық келісемін. Құлыбаевтардың Кан-Жункателланы жазғы демалыс орны ретінде таңдауы кездейсоқ емес», – деп келтіреді басылым вилла аумағын көруге барған журналистердің таңданысын.
Иелік құрамына 3716 шаршы метрлік екі қабатты ақ зәулім сарай кіреді. Сондай-ақ кемінде 13 жатын бөлмесі бар қонақүй, теннис корттары, баскетбол алаңдары, шағын футбол алаңы және бассейн сияқты түрлі спорттық нысандар бар.
Иелік 1940 жылдан 1990 жылдарға дейін бай каталондық Хункателла отбасына тиесілі болған. 1990 жылдары бұл жер жапондық трансұлттық корпорацияларға арналған атқарушы хатшылар мектебі ретінде пайдаланылған.
2004 жылдан бастап Can Juncadella (каталон тілінен аударғанда «үй») ресми түрде Flinder Data SL компаниясына тиесілі. Бұл компания Steppe Capital Pte Ltd сингапурлық холдингі арқылы Құлыбаевқа тиесілі.
Жергілікті тұрғындарға келтірілген ыңғайсыздықтар
2012 жылы жергілікті тұрғындар мен қоршаған ортаны қорғаушылар Тимур Құлыбаевтың иелігіне назар аударып, ол жерге көпшілік бара алмайтыны жайлы айта бастаған.
«Бұл аймақ бұрын жергілікті тұрғындардың демалыс орны ретінде кеңінен қолданылатын. Себебі Кала Мориска жағажайы керемет таза суымен және табиғаттың әсемдігімен танымал. Алайда 2006 жылдан бастап, Құлыбаевтың жылжымайтын мүлікке иелік еткеннен кейін, аймақ жабық және қорғалған жеке меншікке айналды. Бақылау камералары, күзет иттері және биік қоршаулар арқылы қорғалатын бұл жер қарапайым тұрғындар үшін қолжетпес орынға айналды», – дейді басылым.
Басылым жағажайдың айналасында туризмнің дамуын шектеуге қарсы заңдарға сәйкес, Испаниядағы барлық жағажайлар жалпы пайдалануға ашық болуы керек екенін жазады.
«Алайда Кан-Жункателланың иелері осы заңды айналып өтіп, аумақты өздерінің бақылауына алған», – дейді испандық БАҚ.
Сот істері
Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған. Белсенділер Льорет-де-Мар әкімшілігіне шағымданып, іс 2023 жылы сотқа дейін жеткен.
2023 жылдың шілдесінде Испания соты жергілікті халықтың пайдасына шешім шығарып, Кала Мориска жағажайына апаратын жолды қайтадан қоғамға ашуды міндеттеген.
Басылым сот шешіміне қарамастан, Кала Морискаға бару оңай емесін атап өтеді.
«Жағажайға жету үшін тұрғындар орманды жолмен өтуге тиіс. Жол бойында бақылау камералары мен күзет лентасы қойылған. Бұл кейбір тұрғындар мен туристерді шошытады», – делінген мақалада.
Icij.org сайты жағажайдың жекеменшікке айналуы Қазақстан мен Испания арасындағы қарым-қатынастарды назарға алуға мәжбүрлейтінін атап өткен.
«Тимур Құлыбаев сияқты тұлғалардың шетелде қомақты активтерге ие болуы Еуропадағы елдер үшін ашықтық пен заңдылық мәселелерін көтереді. Қазақстан Үкіметі мен Назарбаев отбасы ұзақ жылдар бойы елдегі байлықты орталықтандырғаны мен монополиялары үшін сынға ұшыраған. Құлыбаевтың Испаниядағы сәнді вилласы бұл сындарды халықаралық деңгейге шығарды. Бұл мәселеде басты сұрақ – Испания заңнамасы қоғамдық игіліктерді қорғау қағидаттарын қаншалықты тиімді жүзеге асырып жатқандығына байланысты. Кан-Жункателла сияқты виллалар тек байлықты ғана емес, сонымен қатар билік пен заңды айналып өту мүмкіндігін де бейнелейді»,– дейді басылым.
Қазақстандық Forbes.kz сайтынының дерегінше, Тимур Құлыбаев 5 млрд доллар байлықпен Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер тізімінде 2-сатыда тұр. 3-сатыдағы әйелі Динара Құлыбаевтың байлығы да 5 млрд долларға тең.
Тимур Құлыбаев Қазақстанда энергетика, құрылыс және банк саласында ірі бизнесмен ретінде танымал. Оның байлығы көбіне мұнай мен газ салаларындағы табыстарымен байланысты.
Бұған дейін, «ҚазМұнайГаз-Бурение» компаниясы 1,4 млрд теңгеге Тимур Құлыбаевқа тиесілі фирманың тапсырысын орындайтынын хабарлағанбыз.
Сондай-ақ салық комитеті 2025 жылы Қайрат Шәріпбаев, Айдын Рахымбаев, Тимур Құлыбаевтардың компанияларын тексеретіні белгілі болған.