Президент ірі кен орындарының өнімін бөлу жөнінде келісімді ұзартуды тапсырды
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді ұзарту бойынша тапсырма берді.
«Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет», – деді ол жиында.
Тоқаев дәл қазір Үкімет алдындағы басты міндет инвестиция тарту болуы керек екенін атап көрсетті.
«Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын», – деді ол жиында.
Айта кетейік, қазір ірі кен орындарының өнімін бөлу деген келісімге сай жұмыс істеп жатқан жоба – Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ мұнай-газ кен орны. Ол кен орындарын бірнеше халықаралық компаниялар басқарады. Өзара келісімге сай Теңіз бойынша жұмыс 2033 жылы, Қарашығанақ пен Қашаған бойынша шарт 2037 және 2041 жылы аяқталуы керек.