2025 жылы Қазақстанда алғашқы тақтатас мұнайы өндіріледі
Осы жылы Қазақстанда алғашқы тақтатас мұнай өндірілуі керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Биыл алғашқы қазақстандық тақтатас мұнайы өндіріледі деп күтілуде. Бұл мұнай мен газ саласына инвестициялар тарту үшін қосымша серпін береді. Шикізат қоры шамамен 19 млрд текше метр газды құрайтын «Батыс Прорва» және «Барханная» кен орындарында газ өндіру басталады», – деді.
Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы жалғасып жатқанын да атап өтті.
«Қашағандағы екінші газ өңдеу зауыты мен Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының жобалау жұмыстарын бастау үшін инвестициялық шешімдердің қабылдануын күтіп отырмыз» – деп мәлімдеді Бектенов.
Үкімет жиынында Тоқаев та тақтатас мұнай кеніштерін іске қосу жайлы айтқан.
«Бұдан бөлек, игерілуі технологиялық тұрғыдан күрделі бірқатар мұнай кен орындарын, сондай-ақ айтарлықтай қоры бар тақтатас мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгізген жөн. Мұндай жобалардың коммерциялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруы керек», – деген.
Сондай-ақ президент кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді ұзарту бойынша тапсырма берген еді.