Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады – Тоқаев

Жарияланды
«Жайлы мектеп» жобасы осы жылы аяқталады / Фото: kursiv.media архивінен

2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет», – деді президент.

Айта кетейік, 2024 жылдың қыркүйек айында Жоғары аудиторлық палата «Жайлы мектеп» жобасының кешіктіріліп жатқанын, 2025 жылы берілуі керек болған 152 мектептің іс жүзінде құрылысы әлі басталмағанын хабарлаған болатын. Аудиторлар есебіне сәйкес, кей құрылыстардың жобалау-сметалық құжаттары толық бекітілмеген, конкурстық рәсімдер толық аяқталмаған және мектеп салуға қажетті жер учаскелері берілмеген.

Бұдан соң премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазынаға» «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша мектеп салуға жер бермей отырған әкімдіктерге мәселені шешуге жарты айдан артық уақыт берді. 

Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салуға 2,4 трлн теңге бөлінетіні айтылған. Жоба аясында 2024 жылы 217 білім ошағы пайдалануға берілуі керек болған. Ал 2025 жылы тағы 152 ғимараттың құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Жалпы жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп салынуға тиіс. 

Сондай-ақ оқыңыз