Болат Назарбаевтың көмекшісі Елдос Қоспаев пен оның қылмыстық тобына үкім шықты
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты рейдерлікпен айналысты, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыпталған Елдос Қоспаевқа қатысты үкім шығарды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына 11 адам кірген. Олардың арасында Қоспаевтың бауыры Айдос Қоспаев та бар. Судья оны 12 жылға соттады. Одан бөлек қылмыстық топтың төмендегідей мүшелеріне түрлі мерзімге жаза тағайындалды:
- Руслан Шалин – 12 жыл
- Ерлан Имашев – 12 жыл
- Дастан Абижанов – 12 жыл
- Камардин Алымов – 12 жыл
- Алексей Кузнецов – 12 жыл
- Тимур Танашев – 12 жыл
- Рауан Бабаев – 12 жыл
- Оксана Кудряшова – 10 жыл
- Василий Бабушкин – 9 жыл
ҚМА мәліметінше, Елдос Қоспаев ұйымдасқан қылмыстық топ ісінде 130-дан аса жылжымайтын мүлік нысаны, 35 люкс автокөлік, 9 млн доллар қолма-қол ақша және 11 жер учаскесі болған.
Бұл топ мүшелері қорқыту және зорлық-зомбылық жасау арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, олардың компаниялардағы үлестерін тартып алған, сондай-ақ көлеңкелі бизнеспен айналысқан.
Олар төмендегі компанияларды басып алды деген күдікке ілінген:
- AV-Construction;
- Profit Trade LTD;
- Azovita Aktau;
- Azovita Atyrau.
2023 жылдың қыркүйегінде Елдос Қоспаев пен оның тобының мүшелері Солтүстік Кипрден Қазақстанға экстрадицияланып, қамауға алынған.
Жуырда Айдос Қоспаевқа тиесілі «Никольский» базарын алаяқтық жолмен шетелдіктерге сатып жібермек болған үш адам ұсталған.
Елдос Қоспаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаевтың көмекшісі болған.