Сәтқалиев екінші АЭС-ті Курчатов қаласында салу мәселесі қаралып жатқанын растады

Жарияланды (жаңартылды )
Курчатов
Курчатов қаласы екінші АЭС салуға арналған перспективалы алаң ретінде қарастырылып жатыр / Фото: Ашық дереккөз

Үкімет Курчатов қаласында екінші АЭС-ті салу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы кеңейтілген үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

«Курчатов атом электр станциясын салуға арналған перспективалық алаң ретінде қаралып жатыр», – деді Сәтқалиев брифингте.

Айта кетейік, екінші АЭС-ті салу үшін алдындағыдай референдум өткізілмейді. Министрдің айтуынша, заңнамаға сәйкес, екінші атом электр станциясы Үкіметтің шешімі бойынша салынады.

Ал Курчатов қаласын атом энергетика саласын дамытуға ыңғайлы алаң екенін айтып, АЭС салуды бірінші болып Сенат депутаты Андрей Лукин ұсынды. Лукиннің айтуынша, қалада Семей полигонынан қалған қажетті инфрақұрылым бар. Сонымен бірге апаттық жағдайда энергетикалық қуатты резервке алу мүмкіндігі де бар. Бұдан бөлек өңірде сейсмикалық тұрақты аймақ саналады және радиоактивті қалдықтарды сақтауға да қажетті ресурстар бар.

Бүгін, 28 қаңтар Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде де осы мәселе талқыланды. Жиында Курчатов қаласының әкімі Болат Әбдіралиев президенттің бірнеше атом электр станциясын салуға қатысты пікірін тұрғындардың оң қабылдап, екінші станцияның осы өңірде салынуын құптайтынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз