Энергетика министрі Қазақстанның не үшін ОПЕК+ міндеттемесін бұзғанын түсіндірді
Қазақстанға инвесторлар мен ОПЕК+ міндеттемелері арасында таңдау жасауға тура келіп отыр. Сондықтан ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемесін қайта қарауы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәлихатынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
«ОПЕК+ міндеттемесі ерікті. Қазақстан оларды ұстануға ұмтылды. Бірақ еліміздің инвесторлар алдында да міндеттемесі бар», – деді министр.
Энергетика министрлігі 17 қаңтарда артық өндірген мұнай үшін төленетін өтемақыны 2026 жылға қалдырғанын хабарлаған болатын.
Bloomberg-тің жазуынша, Қазақстан ОПЕК+-тің мұнай өндіруге қатысты шақты көлемін жиі бұзып жүр. Қазақстан күзде мұнай өндірісін едәуір – 290 мың баррельге дейін қысқартқанымен, мұның өзі квотадан асып кеткен. Былтыр қаңтар және қазан айының аралығында қара алтынды 1,11 млн баррельге көп шығарып, сатқаны анықталды.
Басылымның болжамынша, биыл Қазақстан бұл межеден де артық өндіруді жоспарлап отыр. Бір тәулікте 260 мың баррель мұнай шығармақ. Өйткені инвесторлар өндіріс көлемін арттыру үшін қосымша 50 млрд АҚШ долларын салмақ. Bloomberg бұл жайт Қазақстан мен ОПЕК+ арасында дау-дамай тудыратынын болжап отыр.
Мұның алдында Қазақстанның Премьер-Министрі Олжас Бектенов экономикалық өсімнің 6 пайыздық межеден төмен болып шыққанының бір себебі ретінде ОПЕК+ міндеттемелерін алға тартқан болатын.