Польша шекарасында тұрып қалған қазақ газының тағдыры не болды: Сәтқалиев жауап берді
Еуропа елдерінің шекарасында тұрып қалған 200-ге жуық сұйытылған газ вагонының мәселесі толық шешілген. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
«Кеденнен өткізу кезінде тауардың қайдан шыққанын тексеру – әр мемлекеттің құқығы. Менің білуімше, бұл ТШО өндірген сұйытылған газға қатысты. Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің көмегімен бұл мәселе сәтті шешімін тапты», – деді ол.
Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сұйық газ тиелген цистерналар Беларусь пен Польша шекарасында 2024 жылдың желтоқсан айында тоқтатылған.
«Желтоқсан айында Беларусь пен Польша шекарасында кедендік ресімдеу кезінде ТШО зауытында өндірілген сұйытылған мұнай газы бар 200-ге жуық вагон тоқтатылды, қазіргі уақытта мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің қатысуымен шешілді», – делінген хабарламада.
Сұйытылған газды шекарадан неге өткізбеді?
Теңіз кен орнында өндірілген 200 вагон сұйытылған мұнай Еуропа елдерінің шекарасында тұрып қалған.
Қазақстаннан Еуропаға тасымалданып жатқан цистерналарды Беларусь пен Польша шекарасында поляк кедені тоқтатқан.
Олар цистерналардағы газ қазақстандық екеніне күмән келтіріп, қазақстандық газ деген желеумен Ресей газы сатылуы мүмкін деп тұжырымдаған. Сондықтан өнімнің құжаттарын жіті тексерген.