Алматыда күдікті абақтыдан қашып кеткен

Жарияланды
Тергеу изоляторынан қашуға ұмтылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу басталған\фото: shutterstock

Алматы қаласында ұрлық жасағаны үшін ұсталған күдікті тергеу изоляторынан қашып кеткен. Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті оқыс оқиғаны растады.

ҚАЖК күдіктінің ұсталғанын хабарлады

«Алматы қаласының тергеу изоляторында ұрлық жасады деп күдікке ілініп, қамауға алынған адам қашып кетуге әрекет жасаған», – деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметі.

Комитеттің хабарлауынша, «қабылданған шаралардың арқасында» күдікті көп ұзамай қайта қолға түскен. Тергеу изоляторынан қашуға ұмтылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қызметтік тергеу басталып отыр.

Десе де, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті тұтқынның түрмеден қалай қашып шыққаны, оған қалай жол берілгені туралы толық ақпарат бермеді.

Мұндай оқиғалар көбейді

Соңғы кездері күдіктілердің қашуы жиі кездесіп жүр. 2024 жылдың 4 желтоқсан күні Алматы полициясы айдауылдан қашып кеткен тұтқын туралы хабарлаған болатын. 1996 жылы туған күдікті К. Аубакри күтпеген жерден полиция көлігінен зып беріп түсіп, бой тасалап үлгерген.  

2024 жылдың 21 қазанында Алматы облысы Талғар ауданында немере қарындасын зорлады деген күдікті тергеу изоляторынан қашып кеткен болатын. Бұл үшін 12 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылып, изолятор бастығы мен бір қызметкер қызметінен шеттетілген еді.

Сондай-ақ оқыңыз