Kaspi.kz түркиялық Hepsiburada маркетплейсін сатып алу бойынша мәмілені аяқтады
![Kaspi Hepsiburada](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/01/kaspi-hepsiburada-1024x576.png)
Kaspi.kz түркиялық Hepsiburada маркетплейсі акцияларының бақылау пакетін сатып алу бойынша мәмілені аяқтады. Бұл туралы компания баспасөз қызметі таратқан хабарламада жазылған.
Шетелдік компания үшін 1,127 млрд доллар төленді. Оның ішінде 600 млн доллары мәміле жабылған күні қолма-қол ақша түрінде берілді. Ал 526,9 млн доллары мәміле жабылғаннан кейін, алты ай ішінде қолма-қол ақшамен жіберілуі керек. Қазақстандық финтех шетелдік компанияның А санатындағы 40 млн құнды қағазы мен В санатындағы 173 246 220 бағалы қағазын сатып алды.
«Біз Түркиядағы электронды коммерция нарығындағы жетекші компанияның бірі Hepsiburada-мен күш біріктіргенімізге қуаныштымыз. Нарығымызды 100 млн адамға дейін кеңейту Kaspi.kz үшін маңызды стратегиялық жоба еді», – деді бұл мәміле туралы Kaspi негізін қалаушысының бірі және бас директоры Михаил Ломтадзе.
Kaspi мен Hepsiburada жеке брендін және операциялық құрылымын сақтап қалады. 2025 жылдың 29 қаңтарындағы мәміле бойынша, Kaspi түркиялық маркетплейстің бақылаушы акционері атанды.
Hepsiburada – Түркиядағы ең ірі маркетплейстердің бірі. 2021 жылы акцияларын NASDAQ-қа шығарған бірінші түркиялық компания атанды. Өткен жылы күзде компания Африка нарығына шыққалы жатқанын хабарлады.
Kaspi.kz – қазақстандық технологиялық холдинг, құрамына «Kaspi Дүкен» ЖШС, «Kaspi Bank», «Kaspi Pay» және «Kaspi Travel» тәрізді бірнеше компания кіреді. Холдинг акциялары – Вячеслав Ким (23,35 %), Михаил Ломтадзе (24,55 %) және Baring Vostok (28,8 %). Тағы 20,18%-ы қоғамдық инвесторларға, 3,12%-ы менеджментке тиесілі.
2024 жылы қаңтарда компания Nasdaq-қа IPO-ға шығып, 1 млрд доллардан аса қаржы тартты.