Абылай Мырзахметов жазасын шартты мерзімге ауыстыру туралы өтініш түсірді
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметов сотқа жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл – бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстыру туралы өтініш түсірген. Бұл туралы Павлодар қаласының №2 соты хабарлады.
Өтінішті қарау
Өтінішті қараған сот Мырзахметовте қылмыстық-атқару кодексінде көзделген мінез-құлықтың оң дәрежесі жоқ екенін анықтаған.
Ол жазасын өтеудің барлық кезеңінде еңбекке адал қатынасы үшін тек 1 рет көтермелеу алған. Бұл заңға сәйкес сотталған адам ретінде оның негізгі міндеті саналады.
Сондықтан сот кәсіпкерлер палатасы экс-төрағасының өтінішін қанағаттандырмаған.
Сот ұйғарымы
«Қорытындылар бойынша сот жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріндегі неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруға жеткілікті негіздер таппады. Осыған байланысты сотталған адамның өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылды»,-делінген сот хабарламасында.
Мырзахметов жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтінішпен енді тек 6 айдан кейін жүгіне алады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Мырзахметов ісі
Абылай Мырзахметов 2024 жылғы мамырда аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сол кезде одан қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд теңге сомасында ақша мемлекет кірісіне тәркіленген.
2024 жылғы қыркүйекте Мырзахметовтің ісі бойынша мемлекетке қосымша 7 млрд теңге қайтарылғаны хабарланды.