«Kazakh Invest» инвестицияның азаю себебін атап, оны «уақытша құбылыс» деп сендірді
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы 2024 жылы тікелей инвестициялар ағынының азаюына байланысты түсінік берді.
Қайта инвестицияланған табыс
Ұлттық компания 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға таза тікелей шетелдік инвестициялар ағынының 98,4%-ға төмендеуін қайта инвестицияланған табыстың 93,4%-ға (6,4 млрд АҚШ долларына) қысқаруымен тікелей байланыстырады.
«Бұл, өз кезегінде, шетелдік қатысы бар кәсіпорындардың таза пайдасының азаюын немесе шетелдік акционерлерге дивиденд төлемдерінің артуын көрсетеді», – делінген компания мәлімдемесінде.
«Kazakh Invest» қайта инвестицияланған табыс көлемі шетелдік акционерлердің пайда бөлу туралы шешімдеріне және әлемдік шикізат нарықтарының бағамына байланысты қалыптасатынын атап өтті.
«Қазақстандағы ТШИ құрылымында тау-кен өндіру секторының үлесі әлі де жоғары болғандықтан, бұл факторлар елдің инвестициялық тартымдылығынан гөрі жаһандық экономикалық үрдістердің әсерін көрсетеді. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар бұл үдерістерді тікелей реттей алмайды», – дейді ұлттық компания мамандары.
«Инвестицияның азайғаны, саясаттың әлсіздігінен емес»
Компания осылайша таза ТШИ ағынының төмендеуін Қазақстанның инвестициялық саясатының әлсіздігімен емес, шикізат нарығындағы жаһандық құбылмалылықпен және инвесторлардың дивидендтерді төлеу туралы шешімдерімен байланыстырады.
«Жалпы ТШИ ағынының азаюының негізгі себебі – Атырау облысындағы Теңіз мұнай-газ кен орнында жалпы құны 46 млрд АҚШ долларынан асатын Болашақ кеңею жобасының (БКЖ) аяқталуы», – делінген хабарламада.
«Kazakh Invest» компаниясы дерегінше, 2024 жылдың үш тоқсанында Қазақстан экономикасына жалпы көлемі 12,7 млрд АҚШ доллар болатын ТШИ тартылған.
«Бұл көрсеткіш бірқатар телеграм-арналарда айтылған инвестициялар толығымен тоқтады деген пікірді жоққа шығарады. Дегенмен бұл көлем 2023 жылмен немесе рекордтық 2022 жылмен салыстырғанда, айтарлықтай төмен», – деп мойындайды компания.
Ұлттық компания 2024 жылы тіркелген таза ТШИ ағынының төмендеуі – уақытша құбылыс екеніне сендіреді. Компания жағдай объективті экономикалық және циклдік факторларға байланысты болды, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды бағыт ретінде қала береді деп санайды.
Кеше үкіметтің кеңейтілген отырысында президент 2024 жылы шетелден тартылған инвестиция көлемі 36%-ға төмендегенін айтқан.