Шоумен Даут Шахисламов әйелінің үстінен қозғалған іске байланысты үндеу жасады
Ұлтаралық араздықты қоздыру ісі бойынша халықаралық іздеу жарияланған журналист Дана Орманбаеваның күйеуі, шоумен Даут Шахисламов желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Ол ел назарын аударған істе жұбайының кінәсі жоқ екенін айтады.
Мән-жайы
«Мен заңға сендім, бірақ енді түсінікті болды: үнсіз қалу – шешім емес. Ашық сөйлесетін және әділдікке жету үшін күресетін уақыт келді» деген ол әйеліне қатысты заңсыз қудалау «Blogerskii Pizdesh» телеграм арнасының авторы Алена Пономареваның ойдан шығарылған арызы негізінде жасалып отырғанын жеткізді.
Шахисламов арна авторы Пономарева әлдекімнің тапсырысын орындағанына сенімді.
Қылмыстық іс үшінші сараптамадан кейін ашылған
Оның сөзінше, Пономарева әйелінің сөздерін кесіп, өзгертіп, соның негізінде арыз жазып, сол бойынша қылмыстық іс қозғалған. Орманбаеваның сөздеріне біріне-бірі қатысы жоқ екі мемлекеттік орган сараптама жасап, қылмыстық құрам таппаған. Алайда арызданушы тергеушілерді үшінші сараптамаға көндіріп, сараптама «мәтін қорлайтын сипатқа ие болуы мүмкін» деген нәтиже шығарған.
Даут Шахисламов үшінші сараптаманы жасаған екі сарапшы продюсер Баян Алагөзованың шағымы бойынша әйеліне қарсы жүрген өзге істе сарапшы болғанына назар аударып, осы жерден байланыс көреді.
Қамауға алу туралы сот шешімі күшіне енбеген
Шахисламов сондай-ақ әйелі былтыр тергеу барысы мен сот процесіне белсенді қатысқанын айтып, Орманбаеваға іздеу жарияланғаны туралы сот шешімі күшіне енбегенін, оған шағым түсіргенін атап өтті. Ал БАҚ беттеріне күшіне енбеген сот шешімінің шығуын аппеляциялық сотқа жасалған қысым деп санайды.
Сөзінің соңында ол әйелі ұлтаралық татулықты сақтауды қолдайтынын жеткізіп, прокурорлар мен тергеушілер сырттай қамауға асығыс әрі әділетсіз түрде барды деп санайтынын мәлім етті.
Бұған дейін, Алматы қаласының полиция департаменті Дана Орманбаеваға ұлтаралық араздықты қоздыру ісі бойынша іздеу жарияланғанын растаған.
Алагөзовамен соттасуы
Дана Орманбаеваның аты-жөні бұған дейін де сот ісі аясында аталған. Ол кезде журналист белгілі продюсер Баян Алагөзовамен соттасып, жеңіліп қалған. Сот Орманбаеваны шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты деп таныған.
Журналист қазіргі уақытта отбасымен Дубайда тұрып жатыр.