Ахмед әл-Шараа Сирияның уақытша президенті болып сайланды
Сириядағы саяси жағдай түбегейлі өзгерді – Ахмед әл-Шараа елдің уақытша президенті болып жарияланды. Ол «Әбу Мұхаммед әл-Джулани» деген атпен танымал ұйым қатарында болған. Қазір ұйым «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) деп аталады. Ахмед әл-Шараа ұйымының жетекшісі ретінде Асад режимін құлатуға қатысқан.. Сирияның мемлекеттік БАҚ-тары хабарлағандай, жаңа билік елде конституциялық реформалар жүргізуді және уақытша заң шығарушы кеңес құруды жоспарлап отыр.
Саяси өзгерістер және қауіпсіздік құрылымдарының тарауы
Дамаскідегі арнайы жиында көтерілісшілер коалициясының басшыларының қатысуымен Aхмед әл-Шараа билікке келгені жарияланды. Сондай-ақ бұрынғы билік кезіндегі әскери құрылымдар мен арнайы қызметтердің таратылатыны хабарланды. Оның орнына елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа орган құру жоспарланғанымен, бұл құрылым туралы толық мәлімет әлі айтылған жоқ.
Ахмед әл-Шараа: терроризмнен саясатқа
Ахмед әл-Шараа 19 жасында АҚШ-тың Иракқа басып кіруіне қарсы тұру үшін «Әл-Каида» (көптеген елдерде салынған ұйым) қатарына қосылған. 2006 жылы америкалық әскерилер оны тұтқындап, бес жылға түрмеге қамаған. Кейін босаған соң, оған «Әл-Каиданың» Сириядағы бөлімін құру тапсырылған. Алайда уақыт өте келе ол жаһандық халифат құру идеяларынан бас тартып, Сирияда ықпалын нығайтуға бағыт алды.
Жаңа президенттің өткен өмірі сириялық халық арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Сонымен қатар Батыс елдері де Сирияда билікке радикалдық топтардың бұрынғы жетекшісі келгеніне күмәнмен қарап отыр.
Ресеймен қарым-қатынас және Асадтың тағдыры
Сирияның жаңа билігі Ресейден бұрынғы президент Башар Асадты қайтаруды талап етті. Алайда Мәскеу бұл ұсынысты қабылдамай, тек келіссөздерді жалғастыруға келіскен. Сонымен қатар Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Сириядағы Ресей әскерінің болашағы туралы келіссөздер тығырыққа тірелді.
Ахмед әл-Шараа өз сөзінде жаңа биліктің негізгі мақсаты – Сирияның тұрақтылығы мен ұлттық бірлігін қамтамасыз ету екенін айтты.
Еске сала кетейік, 7 желтоқсанда Сирия оппозициясы көтеріліс бастап, бірнеше қаланы басып алды. 8 желтоқсанда Дамаскіге басып кірген. Президент Башар Асад әскері астананы тастап кетіп, оның өзі Мәскеуге қашып, саяси баспана алды.