Ментал саулықтың маңызы. Қорқынышты жаңалықтардан қалай қорғану қажет?

Жарияланды 30 Қаңтар 2025 10:56

Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Ментал саулықтың маңызы. Күнделікті шығатын қорқынышты жаңалықтардан қалай қатты әсерленбеуге болады?
Ментал саулықтың маңызы / Фото: shuttertsock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кейінгі кездері ақпарат ағынынан шаршамау мүмкін емес. Медиаға шыққан өлім-жітім туралы хабарды бүге-шүгесіне дейін біліп, біраз уақытқа дейін есеңгіреп жататындар бар. Зорлық-зомбылық туралы естіген қыз-келіншектерде де үрей басым. 

Өткен аптада БАҚ беттерінде 2024 жылы мамырда өз-өзіне қол салды деген Алина есімді фитнес-тренердің өліміне қатысты тың деректер жариялана бастады. Қайғылы жағдайға дейін бірнеше күн бұрын Алина ауыр қылмыстың құрбаны болған. Мефедрон қолданған бейтаныс ер адамдар оған шабуыл жасап, ұрлап әкетіп, соққыға жыққан, кейін зорлап, екі миллион теңгеге несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.

Ментал саулықтың маңызы

Осы сияқты медиада күнделікті шығатын әрі адамға эмоциялық салмақ салатын ақпараттан қалай қатты әсерленбеуге болатыны туралы және өзге де кеңестер жайында психоанализ маманы Эльвира Қасым айтып берді. 

Эльвира Қасым медиада шыққан кез келген ақпарат адам психологиясына әсер ететінін айтады. Алайда мұның адамның эмоциялық ахуалына зиян келтіріп-келтірмеуі бір факторға байланысты дейді. 

«Жаңалықтар лентасына күнделікті шығатын ақпарат эмоциялық ахуалымызға әсер ететіні рас. Бірақ қаншалық әсер етеді деген сұраққа жауап бермес бұрын, бірнеше психотип болатынын білгеніміз жөн. Эмпатиясы тым жоғары, кез келген жаңалықты оқығанда өзін құрбанның орнына қойып кететін,  ішкі «Мені» әлсіз адамдар ақпаратты жүрекке жақын қабылдағыш келеді. Содан да өздерін жегідей жеп, ақпаратты қорыта алмай бірнеше күндеп жүріп қалады. Өбектеп қиналады, тіпті оқиғаны түсінде өзінше өрбітіп көруі де мүмкін», – дейді ол. 

Маман мұндай адамдарға ақпарат тұтынғанда абай болу керек дейді. Тіпті кейбір белгілерді өз бойынан байқаса, оқитын жаңалығын сүзгілеп отырғаны жөн екен.

«Кейбір адамдарға медиада шыққан қорқынышты жаңалықтар кері әсер етуі мүмкін. Бірі тез жылап қалса, ендібірі қорқынышты түс көріп шығады. Көп күн есін жия алмай, айналадағы артық дыбыстан да қорқып жүреді. Кейбіреулер паранойяға ұшырап жатады. Мұндайға бір рет тап келген адам келесіде ақпарат тұтынғанда абай болғаны дұрыс. Өзіңіздің эмоциялық тұрғыдан тұрақсыздау екеніңізді, мұндай ақпарат сізге кері әсер ететінін, күйзеліске ұшыратып, денсаулығыңызға зақым келтіретінін түсініп тұрсаңыз, ақпаратты көптеп тұтынбаған дұрыс. Ағзаны, миды стресске ұшырататын кез келген дүние денсаулыққа кері әсер ететін бірінші фактор екенінін ұмытпағайсыз», – дейді маман.

Психоанализ маманы салдарымен жұмыс істеп қоймай, мұндай реакцияның себебін іздеп көру керек дейді. Оның айтуынша, қорқыныш медиада шыққан нақты бір ақпаратқа қатысты тумайды.

«Расында, адам интернеттен бір жаңалықты оқи салып, параноик болып кетпейді. Мәселенің түбірін іздеу керек. Адам өмірінде түрлі кезең болады. Адам зорлық-зомбылықтың куәсі болған болуы мүмкін, болмаса өзі сол зорлық-зомбылықтың құрбаны болған болуы мүмкін. Тек дер кезінде оны сыртқа шығарып айта алмағаны үшін, көкейінде травма болып сақталып қалған болуы мүмкін. Ол нәрсе бұрын-соңды айтылмаған соң сол төңіректегі жаңалықты естігенде адам тағы үрейлене бастайды», – дейді маман.

Ол мұндай реакцияның жиі қайталана бергені адамның психологиялық саулығына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық куәсі немесе құрбаны болған адам бұл жарасын емдеместен, күнделікті осы сияқты ақпаратты оқи беретін болса, түбі жаман аяқталуы мүмкін. Сондықтан ең әуелі ақпарат тұтынуды қысқартып, кейін маман көмегіне жүгінген абзал. 

Алайда жаңалық оқып, аяныш сезімі оянғаны – қалыпты нәрсе. Бұл – дұрыс реакция. Маманның өзі адамның психологиясы сол үрейті сейілтердей мықты болуы керек дейді.

«Әрине, үрей – қалыпты реакция. Әдетте ол біздің қорғаныш реакциямыз, белгілі бір қауіптен сақтап қалатын эмоциямыз. Бірақ сау адамның психологиясы адам жаңалық естіп үрейлене бастағанда «Жоқ, бұл жағдай меніңе басыма келмейді» дегенге сендіріп, тынышталдыра алатындай берік болуы керек. Алайда шектен тыс қорқатыныңызды, эмоциялық ахуалыңыз нашарлап кете беретінін байқасаңыз, әрине психолог көмегіне жүгінген дұрыс, болмаса, мәселені кішкене болса да анықтауға көмектесетін интернеттегі психологиялық тестілеуден өтіп көруге болады», – дейді ол. 

Маман жалпы ауыр ақпараттарды, зорлық-зомбылық жайлы деректерді көз қиығымен, видео түрінде емес, жазбаша мәтін ретінде оқыған абзал дейді. Сонда психологияға да қатты салмақ түсе қоймайды.

«Мұндайда адам өзіне көмектесемін деп түрлі шара қолданып көруге тырысады. Бірі миды тынықтыратын музыка тыңдайды, бірі йогамен айналысады. Жағдайы жеткендер шетелге де барып келеді. Бірақ адамның үрейі бала шақтағы травмасымен байланысты болса, мұның бәрі тек уақытша әсер береді. Сондықтан, әрине, барынша ерте психотерапия жайлы ойланған жөн», – дейді маман.

Эльвира Қасым психотерапия деген сөзден қорықпау керегін, бұл адамның базалық қажеті екенін айтады. Бұған қоса маман сөзіне қарағанда, алдағы үш-төрт жылда адамдар үшін психотерапияға бару қалыпты нәрсеге айналады.

«10 жыл бұрын жаттығу залына барудың өзі бір таңсық еді біздің қоғам үшін. Кофе ішу мәдениеті енді қалыптасып келеді. Сол сияқты психотерапияның да қорқынышты емес екенін түсініп келеміз. Бірнеше жылда бұл да база болып кетеді деп ойлаймын. Ақпарат ағыны тоқтамайды. Біз қалай қашқақтасақ та, әлеуметтік желіден түрлі жаңалық көреміз, жақындарымыздың аузынан да естіп қалуымыз мүмкін. Сондықтан қайткен күнде де осындай жаңалық оқып, зарар көріп қалмау үшін психологиялық тұрғыда бекем болуды үйренуіміз керек», – дейді ол. 

Сондай-ақ оқыңыз