Аляскада жаттығу кезінде F-35 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады
АҚШ-тың Аляска штатында «Эйельсон» әуебазасында жаттығу кезінде бір орынды F-35 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыш аман қалған.
«Голос Америки» сайтының жазуынша, 354-ші әуеқанатының командирі, полковник Пол Таунсенд ұшу барысында ұшақтан ақау шыққанын, содан кейін ұшқыштың катапультті іске қосқанын хабарлады. Ұшақ қону кезінде құлапты.
Ұшқыш ақау туралы ескерткен
Ұшқыш құлар алдында апатты жағдай туралы хабарлаған. Қазір оның жағдайы тұрақты. Медициналық мекемеде тексеруден өтіп жатыр.
АҚШ-тың әскери-әуе күштерінің хабарлауынша, ұшақ қатты бүлінген.
Эйельсон әуебазасы Фэрбенкстің оңтүстігінде 40 шақырым қашықта орналасқан.
Таунсендтің айтуынша, мұндай оқиғаларды болдырмау мақсатымен мұқият тергеу жүргізбек.
«Эйельсон» базасы несімен әйгілі
2016 жылы «Эйельсон» базасына 54 жойғыш ұшақ орналастырылған. Базаны кеңейтуге жарты миллиард доллар жұмсалған. 36 жаңа ғимарат салынып, ондаған тұрғын үй салынған.
Сонымен қатар 3500 жаңа әскери қызметкермен толықтырылған. Олардың отбасы да көшіп келген.
F-35 әуеде 12 сағат бойы ұша алады. Бір ұшқан кезде Солтүстік жартышардың кез келген нүктесіне ұшып бара алады.
F-35 ұшағына қатысты басқа апаттар
2024 жылы Техастан Лос-Анджелес маңындағы «Эдварс» әуебазасына бағыт алған F-35 ұшағы Нью-Мексикода жанармай құйып, қайта ұшқан кезде құлаған болатын. Ол кезде ұшқыш қатты жарақат алған еді.
2023 жылы қазан айында Теңіз жаяу әскерінің корпусы F-35 ұшағына қатысты оқиғаны тергеп-тексерген болатын. Оның қорытындысы бойынша, ұшқыш айыпты деп танылды. Өйткені катапультті қосудың ешқандай қажеттілігі болмаған.
Соның кесірінен ұшақ Оңтүстік Каролинаның ауылдық жерінде құлағанша, 11 минут бойы басқарусыз ұшқаны анықталып отыр.
Мұның алдында Вашингтонда жолаушылар ұшағының тікұшақпен соқтығысқаны, соның кесірінен Рональд Рейган атындағы әуежайдың жанындағы Потомак өзеніне құлағаны туралы жаздық.