ФРЖ пайыздық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдырды

Жарияланды
ФРЖ пайыздық мөлшерлемені өзгеріссз қалдырды/Фото: kursiv.media архивінен

АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды (4,25-4,5%). Федералды ашық нарық комитетінің (FOMC) мүшелері бұл шешімді бірауыздан қабылдады.

«Көрсеткіштер еңбек нарығының тепе-теңдікте екенін көрсетеді. Еңбек нарығы инфляцияның негізгі қозғаушы күші емес. Соңғы екі жылда инфляция айтарлықтай төмендеді. Бірақ біздің ұзақмерзімді 2%-дық мақсатты деңгейімізден сәл жоғары күйде қалып отыр», – деді ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл.

Ол АҚШ экономикасының көрсеткіштеріне байланысты ақша-несие саясатын жылдам өзгертудің қажеті жоқ екенін атап өтті. Себебі бұл инфляциямен күресті ілгерілеуге кедергі келтіруі мүмкін. Жалпы, мөлшерлемеге қатысты шешім күтілгендей қабылданды. Өйткені Дональд Трамптың экономикалық саясаты инфляциялық тәуекелдерді күшейтеді.

2023 жылдың шілдесінен 2024 жылдың қыркүйегіне дейін АҚШ-тағы мөлшерлеме соңғы 20 жылдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейде (5,25–5,5%) сақталды. Қыркүйек айында реттеуші орган бұл цикл аясында алғаш рет мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендетті. Қараша және желтоқсан айларында тағы екі рет 25 базистік тармаққа азайтты.

Reuters сауалнамасына қатысқан экономистердің 60%-ы наурыз айында ФРЖ ақша-несие саясатын жұмсарту циклін жалғастырады деп болжап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз