Еңбек министрлігі азаматтық қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін 30 млрд теңге сұрайды

Жарияланды
азаматтық қызметкерлер
Алдағы үш жылда азаматтық қызметкерлердің айлығы 100% көтеріледі / Фото: shutterstock

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған бюджеттік бағдарламаның құжатын жариялады. Оған сәйкес алдағы үш жылда еліміздегі азаматтық қызметкерлердің жалақысы 100%-ға көтермекші.

«Мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлерінің, азаматтық қызметкерлердің жекелеген санатындағы жұмысшылардың еңбекақысын көтеруді қамтамасыз ету 2025 жылы 100%, 2026 жылы 100% және 2027 жылы 100%» – деп жазылған құжатта.

Азаматтық қызметкерлердің айлығын көтеру үшін 2025 жылы 10,6 млрд теңге, 2026 жылы 10,7 млрд теңге және 2027 жылы 10,8 млрд теңге қарастырылған. Алдағы үш жыл ішінде 311 мың қызметкердің жалақысы өседі.

Мемлекеттік бюджет есебінен ең көп қаржыландырылатын қызметкерлер Түркістан облысында (45 мың адам), Қарағанды облысы (21 мың адам) және Жамбыл облысы (21 мың адам). Астана қаласында ( 8 822 адам) және Ұлытау облысында (4 737) ең аз қызметкерлер тіркелген.

Азаматтық қызметкерлер деп қазыналық кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде штаттық лауазымды атқаратын адамдарды айтады. Мәселен мұғалімдер, дәрігерлер немесе әлеуметтік қызметкерлер осы топқа жатады. Ескеру керек, мемлекеттік кәсіпорындардың барлық қызметкерлері азаматтық қызметшілерге жатпайды

Бұған дейін Үкімет мемлекеттік аппараттағы қызметкерлер санын қысқарту туралы бастама көтерген еді. Ол үшін мемлекеттік қызметке жасанды интеллект енгізбекші. Сол арқылы қайталанатын және қажетсіз қызметтерді атқаратын штат орындарын қысқартпақшы.

Сондай-ақ оқыңыз