Еуроодақ қазақстандық кәсіпкерлер санкцияларды айналып өтуі мүмкін деп күдіктенеді

Жарияланды
Видеодан кадр

Еуроодақ Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларға қосылмау туралы ұстанымын толықтай құрметтейді. Алайда бұл ЕО-ның ресми Астанаға қатысты алаңдаушылығы жоқ дегенді білдірмейді. Бұл туралы елге сапарлап келген ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливанның сөзінен мәлім болды.

Orda.kz басылымының жазуынша, Дэвид О’Салливан ЕО Қазақстанның ұстанымын құрметтейтінін әркез айтып келе жатқанын атап өткен.

«Біз Қазақстанды санкцияларды қабылдауға мәжбүрлемейміз және мәжбүрлеуге тырыспаймыз да. Ресей мен Қазақстан арасындағы заңды сауда қатынастарына араласу немесе қандай да бір түрде зиян келтіру ниетіміз жоқ. Бұл байланыстар көптеген жылдар бойы жалғасып келеді», – деді О’Салливан.

Еуроодақты не алаңдатады

Дегенмен ол Еуроодақ кей кәсіпкерлер Қазақстанды санкцияларды айналып өту алаңы ретінде пайдалануы мүмкін екеніне алаңдайтынын жеткізді.

«Олар осы мүмкіндікті пайдаланып, ЕО-да өндірілген жоғары технологиялық өнімдерді Ресейге қару-жарақ жасау үшін қайта сатуы ықтимал. Осыған байланысты біз Қазақстанмен санкцияларды айналып өтуге жол бермеу бойынша ынтымақтастық орнатқанымызға қанағаттанамыз», – деп толықтырды ол.

Еурокомиссия халықаралық арнайы өкіл лауазымын Ресейге қарсы енгізілген шектеу шараларын айналып өтуге жол бермеу мақсатында үшінші елдермен жоғары деңгейде үздіксіз диалог орнату үшін құрған.

Бұған дейін Еуроодақ ресейлік 15 банкті SWIFT жүйесінен өшіретінін мәлімдеген.

Одан бөлек Еуроодақ 16-шы санкциялар пакеті аясында Кремльге бағынышты бірқатар БАҚ-ты, соның ішінде «Звезда» телеарнасын және «Стратегиялық мәдениет қоры» ұйымын шектеу тізіміне қосқан.

Сондай-ақ оқыңыз