«Росатом» басшысы Қазақстандағы АЭС құрылысына ресейлік компанияның қатысатынына сенімді
«Росатом» корпорациясының басшысы Алексей Лихачев ресейлік компанияның Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысатынына сенімді. Бұл туралы оның РИА Новости басылымына берген пікірінде жазылған.
Оның айтуынша, 30 қаңтарда екі елдің премьер-министрлерінің кездесуінен кейін осындай ойға келген.
«Екі ел премьерлерінің кездесуінен кейін біз бірлескен шешімдер жасау жолына түскенімізді білуге болады. Қазірдің өзінде белсенді жұмыс істеп жатырмыз», – деді «Росатом» басшысы.
Лихачев Қазақстан билігін мақтап, атом электр станциясын салу мәселесін «кәсіби түрде зерттеп жатқанын» атап өткен. Ол қазақстандық делегация жақында Ресей Федерациясына барып, ресейлік атом энергетикасының құрылымын зерттегенін еске салды. Алайда дәл осы делегацияның Оңтүстік Кореяға, Қытайға және Францияға барғаны туралы сөз қозғамады.
Пікірге қарағанда, Лихачев «Росатомның» алғашқы қазақстандық атом электр станциясының құрылысына қатысуын іс жүзінде шешілген мәселе деп санайды.
Айта кетейік, Энергетика министрлігі Қазақстандағы АЭС құрылысын қандай компаниялар салатыны туралы шешім маусым айында шығатынын хабарлаған еді. «Росатом» АЭС салу талқыға түскен кезден бастап үміткерлер қатарында болған.