Тұран жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру үшін 1,1 млрд теңге бөлінбек
Экология министрлігі Қазақстанда тұран жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру және олардың санын арттыру мақсатында 1,1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлуді сұрады.
Ведомствоның мәліметінше, амур және тұран жолбарыстары жеке түрлерге жатпайды. Осыған байланысты Қазақстан аумағына әкелінген жолбарыстар автоматты түрде тұран популяциясының бөлігі болып есептеледі.
Жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру
Бүгінде «Іле-Балқаш» табиғи қорығында екі жолбарыс – Богдан және Кума өмір сүріп жатыр. Бұл жоба 2017 жылы басталып, Қазақстанда бұрын жойылып кеткен тұран жолбарысын қайта көбейтуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, Іле өзенінің бойындағы экожүйе мен қорықтың климаты жолбарыстардың өмір сүруіне қолайлы.
Министрліктің жоспарына сәйкес, биыл Ресейдің жабайы табиғатынан тағы үш-төрт жолбарысты әкелу көзделген. Бұл жоба жолбарыстардың жаңа мекенге бейімделуін қамтамасыз етіп, олардың көбеюіне жағдай жасамақ.
Жобаның маңыздылығы
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, тұран жолбарыстары XX ғасырдың ортасына дейін Қазақстан, Орта Азия және Иран аумағында кең таралған. Алайда адам факторы мен табиғи ресурстардың сарқылуы олардың толықтай жойылуына алып келді. Қазақстанның Іле-Балқаш аймағында бұл жыртқыштарды қайта жерсіндіру жобасы – биоалуантүрлілікті қалпына келтіру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.