2025 жылы Қазақстанда 1223 елді мекенде су тасқыны қаупі бар
Қазақстанның 1223 елді мекені су басу қаупі бар аймақта орналасқан. Бұл туралы Сенаттағы Үкімет сағатында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтты.
Су басу қаупі
Министрлік осы елді мекендерді қорғау үшін, инфрақұрылымды су тасқынына дайындау үшін жергілікті билік өкілдерімен бірге жұмыс жасап жатыр.
«Елді мекендерді қорғау үшін 576 шақырым қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, нығайтылды. 164 шақырым арық жүйелер жөнделіп, салынды. Автомобиль және темір жолдардың астына 960 су өткізу арықтары салынып, арнайы жүйелер орнатылды. 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде үш жүз шақырымнан астам тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді, – деп атап өтті Әрінов.
Бұдан бөлек, министр елде су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылайтын төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылғанын атап өтті.
Айта кетейік, енді Қазақстанда су тасқыны қаупін алдын ала 7 күн бұрын болжайтын «Tasqyn» жүйесі жұмыс істейді.