Бекетаевты қамау мерзімі тағы ұзартылды
Жарияланды
Экс-әділет министрі Марат Бекетаевты қамау мерзімі кезекті рет ұзартылды. Бұл туралы KursivMedia-ға бас прокуратура хабарлады.
«Тергеу сотының шешімімен күдіктіні қамауда ұстау мерзімі 2025 жылғы 21 ақпанға дейін ұзартылды» делінген бас прокуратура жауабында.
Бұған дейін Марат Бекетаевқа қатысты тергеу аяқталып, қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатқаны хабарланған. Іс материалдарымен танысу уақытына шектеу қойылмаған.
Марат Бекетаев жеке компанияның мүддесін қорғап, мемлекетке ірі көлемде залал келтірді деген күдікке ілініп, 2023 жылдың күзінде ұсталған. Ол Қазақстаннан қашпақ болған жерінен қолға түскен.
Айта кету керек, Марат Бекетаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында екі рет Әділет министрі қызметін атқарған.