Ресей санкцияларды айналып өту үшін Түркиядағы «Аққұю» АЭС-ін пайдаланған – WSJ

Жарияланды
Ресей Түркиядағы «Аққұю» атом станциясын пайдаланып, санкцияны айналып өтпек болған / Фото: shutterstock

Ресей АҚШ санкцияларын айналып өту үшін Түркияда салып жатқан «Аққұю» атом станциясын пайдаланған. Wall Street Journal жазуынша, «Газпромбанк» түркиялық «Зираат» банкіне миллиардтаған қаржы аударып отырған.

Ресейдің кінәсі қандай?

2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген соң, Мәскеу Түркияға ірі көлемде қаражат аудара бастайды. Ресми түрде бұл ақша түркиялық атом станциясы «Аққұюға» жіберілуі керек еді. Бірақ Wall Street Journal өкілдері бұл санкцияны айналып өтуге арналған «оффшорлық долларлық резерв» болғанын айтады. Яғни жіберілген қаражат атом станция құрылысына емес, Ресейдің мемлекеттік мақсаттарына жұмсалған.

Алғашында 2022 жылы жазда «Газпромбанк» «Аққұю» АЭС-тың Ziraat-тағы (түркиялық банк – ред.) есепшотына 3 млрд доллар аударған. Сондай-ақ JPMorgan арқылы тағы 2 млрд доллар жібереді.

Түркия тарапынан бұл іске Эрдоғанның жақын серіктесі, барлау басшысы Ибрагим Қалынның қатысы болуы мүмкін дейді журналистер. Сол уақытта ол Түркия президентінің ресми өкілі лауазымында отырған. Сондай-ақ елдің қаржы министрі Нуреддин Небати де бұл іске араласуы мүмкін деген күдік бар.

АҚШ не дейді?

Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ «санкциялық режимдерін қайта қарап», оны айналып өткісі келгендермен күресті жалғастыруы керек деп мәлімдеді. Түркия президенті Реджеп Эрдоған әкімшілігі WSJ сауалдарын Энергетика министрлігіне бағыттады, бірақ олар пікір беруден бас тартты.

Бұл қаражат ресейлік JPMorgan Chase және Citigroup атты америкалық банктер арқылы өткендіктен, АҚШ Қаржы министрлігінің назарына ілікті. JP Morgan есепшотындағы 2 млрд доллар бұғатталды. 2024 жылы америкалық прокурорлар Ресейді «ақша жылыстатты, қаржылай алаяқтық» жасады деп айыптап, қаржыны тәркілемекші болған. Бірақ Ақ үй Түркиямен қатынасын бұзып аламыз деп алаңдап, ол ұсынысты қолдай қоймайды.

Ресей мен Түркияның жауабы қандай?

Шетелдік журналистердің сұрағына жауап берген «Росатом» өкілі жіберілген қаржы тек «Аққұю» станциясын қаржыландырылуға, мердігерлердің ақысын төлеуге және басқа да әлеуметтік міндеттемелерді қайтару үшін жұмсалды дейді. Бірақ Газпромбанк, Ziraat өкілдері пікір білдіруден бас тартты.

Түркиядағы «Аққұю» атом станциясының құрылысына ресейлік «Росатом» компаниясы жауапты. Бұл жоба ондаған жыл бойы жоспарланып келді. Владимир Путин мен Реджеп Эрдоған тарапынан жақсы қолдау тапқан.

Қазақстанға қандай қатысы бар?

Қазір Қазақстан үкіметі елде атом электр станцияларын салатын компанияны анықтау үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Олардың қатарында «Росатоммен» қатар KHNP (Корея), CNNC ( Қытай) және EDF (Франция) компаниялары да бар.

Қызығы осы айда «Росатом» корпорациясының басшысы Алексей Лихачев Қазақстандағы АЭС құрылысына ресейлік компанияның қатысы болады деп мәлімдеді. 30 қаңтарда екі елдің премьер-министрлері кездесуден кейін осындай ойға келген.

Бірақ еліміздің Энергетика министрлігі соңғы шешім қабылданбады деп хабарлайды.

Сондай-ақ оқыңыз