Трамп сауда соғысын ашқан соң, биткоин бағасы құлдырап кетті

Жарияланды (жаңартылды )
сауда соғысы
Трамп «сауда соғысын» жариялаған соң, биткоин бағасы 94 мың долларға дейін төмендеді / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Дональд Трамп сауда соғысын бастап, нарықты дүр сілкіндірді. Салдарынан Трамптың президенттікке келуімен құны артқан биткоин 94 мың долларға дейін құлдырап кеткен. Бұл туралы Rreuters басылымы хабарлады.

«Дүйсенбі, 3 ақпан күні таңертеңгі саудада, Азияда әлемдегі ең үлкен және ең танымал криптовалюта биткоин 94 476,18 долларға дейін төмендеп, үш аптадағы ең төменгі деңгейге жетті», – деп хабарлайды басылым.

Трамп «жариялаған соғыстан» кейін тек биткоин бағасы ғана емес, басқа да криптовалюталар арзандап кеткен. Мәселен, бағасы арзан саналатын ether криптовалютасы шамамен 24%-ға төмендеп кеткен. Қыркүйек айының басында оның құны 2 494,33 долларды құраған болатын.

Бұл қандай «соғыс»?

Демалыс күндері АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше елге баж салығын енгізу туралы қаулыға қол қойды. Нарық қатысушылары бұған дейін Трамптың мәлімделерін шын деп қабылдамаған. Сол себепті құжатқа президенттің қол қоюы мұндайды күтпеген нарықты дүр сілкіндірді. Заңға сәйкес Мексика мен Канададан келетін тауарға баж салығы 25%-ға, ал Қытайдан келетін тауарларға 10%-ға артады. Аталмыш заң 4 ақпан күні күшіне енеді.

Бұдан соң, Американың екі ірі сауда серіктесі саналатын Канада мен Мексика Тармптың бұл әрекетіне міндетітті түрде сәйкес жауап берілетінін мәлімдеді. Ал Қытай жауап ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымындағы тарифтерге қарсылық білдіретінін жеткізді.

Биткоин бағасы қалай көтерілді?

Айта кетейік, Трамп президенттікке сайланар алдында Американы «планетаның крипто астанасы» етуге уәде берген болатын. Ал президенттікке келген соң, Ақ үйде криптонарыққа жауапты құрылым ашатынын жеткізді. Президент ретінде сайланған соң, криптонарық көрігі қыза түсіп, цифрлық активтердің құны күн санап көтеріле бастады.

Мәселен, 2024 жылдың қарашасында биткоин бағасы 84 мың доллар көлемінде болған. Ал небәрі үш күн өткенде оның бағасы 90 мың АҚШ долларына бірақ көтерілді. Ол кезде бір тәуліктегі өсім 3,19%-ды құраған.

21 қараша күні биткоин бағасы 97 мың доллардан асып кетті. Ол күндері тәуліктік өсім 5% деңгейінде болды.

Ал Трамптың жеңісінен кейін 4 апта өткенде биткоин бағасы рекордтық көрсеткішке жетіп, 102 мың долларды құрады. Бұл аралықта криптовалюта құны 45%-ға бірақ өскен.

2025 жылдың 25 қаңтарында биткоин 108 мың долларға дейін шарықтады.

Криптонарықтағы бұл өзгерістен соң, сарапшылар биткоин құны артып, 2025 жылы оның бағасы 250 мың долларға бірақ көтерілуі мүмкін деген болжам жасаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз