Трамптың жаңа салық саясатынан әлемде акциялар құлдырап, доллар едәуір нығайды

Жарияланды
Дональд Трамптың жаңа салық саясаты әлемнің қаржы нарығына әсер етті / Shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Азия қаржы нарығы дүйсенбіде күрт құлдырап, америкалық акциялардың фьючерстері құнын едәуір жоғалтты. Осының алдында ғана АҚШ президентті Дональд Трамп Канада, Мексика және Қытайға баж салығын енгізетінін жариялаған.

Reuters мәліметінше, Жапонияның ең маңызды қаржы индекстерінің бірі Nikkei (.N225) қаржы биржасындағы сауда енді басталған сәтте-ақ бірден 2,3 пайызға құласа, австралиялық индекс (.AXJO) 2 пайызға құлдырады.

Қытай компанияларының листингіне кіретін Гонконг акциялары 1,9 пайызға төмендеді. Мұнда жергілікті қаржы биржасы Қытай жаңа жылынан кейін, яғни сәрсенбіде ашылады.

CNN мәліметінше, жексенбі күні Dow фьючерстері шамамен 1,4 пайызға, ал S&P фьючерстері 1,9 пайызға құлады. Жоғары технологияға бейімделген Nasdaq Composite фьючерстері бірден 2,4 пайызға төмен сырғыды. Bitcoin кейінгі бір тәулікте 3,5 пайыз құнын жоғалтты.

Бұған қоса АҚШ долларының Қытай, Канада және Мексика ұлттық валюталарына шаққандағы бағамы едәуір нығайып, осыдан жиырма жылдан аса уақытта тіркелген рекордтық көрсеткішке жетті.

Қаржы нарығындағылар АҚШ президентінің жаңа салық саясаты «сауда соғысына» ұласа ма деп қауіптенеді.

Өткен сенбіде Трамп Канада мен Мексикаға 25 пайыз, ал Қытайға 10 пайыз баж салығын салатынын жариялаған. Канада мен Мексика биліктері Трамп тарифтеріне қарсы шара қолдануға көшсе, Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына шағымданатынын мәлімдеген.

Дональд Трамптың жаңа салық саясатына қатысты жарлықтары жергілікті уақытпен сәрсенбі күні түсте күшіне енеді.

Сондай-ақ оқыңыз