2025 жылдың басында азық-түлік пен коммуналдық қызмет қымбаттаған
2025 жылдың басында Қазақстандағы жылдық және айлық инфляция қарқын алған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жылдық инфляция 8,9%-ды құраған. Ал айлық инфляция 1,1% болды.
Желтоқсан айында жылдық инфляция 8,6% болған еді. Инфляцияның қарқын алуына азық-түлік тауарлары мен коммуналдық қызмет құнының көтерілуі себеп болған.
Азық-түлік қалай қымбаттады
Жылдық мәнде ақылы қызмет құны 13,8% қымбаттаған. Азық-түлік бағасы 5,5% қосса, азық-түлікке жатпайтын тауарлар құны 8,4 пайыз қосты.
Қаңтарда инфляция деңгейі республиканың он екі өңірінде орташа республикалық көрсеткіштен жоғары болды. Әсіресе, Астана қаласы (11,2%), Қарағанды (9,9%), Батыс Қазақстан (9,7%) және Солтүстік Қазақстан (9,6%) облыстарында инфляция қарқын алған.
Жалпы, соңғы айларда Қазақстанда инфляцияның біртіндеп өсіп келе жатқаны байқалады. Қазақстан қаржыгерлерінің сауалнамасына қатысқан сарапшылар 2025 жылы инфляция 9,4%-ға дейін өсуі мүмкін деген болжам жасаған.