Енді күштік құрылым қызметкерлерінің лауазымын өсірерде оларды шындық деректорымен тексереді
Қазақстанда күштік құрылымдарда істейтін лауазым иелерін қызметтік саты бойынша өсірерде шындық детекторымен тексеретін болады. Тиісті үкіметтік қаулы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Мән-жайы
«Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында, азаматтық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде полиграфологиялық зерттеуден өту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 маусымдағы № 683 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.
Оған сай, құқық және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері басшы лауазымдарға ұсынылған кезде оларға полиграфологиялық зерттеу (шындық детекторы) жасалады.
Зерттеу барысында не тексеріледі
– Құқық қорғау органдарында қызметте болуда жасырын теріс себептерге бейілділік (тыйым салынған қоғамдық бірлестіктер қызметіне араласу, қылмыстық және террористік ұйымдар мүдделеріне жұмсы істеу);
– жағымсыз тәуелділік: есірткі, психотроптық, психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психоактивті заттарды тұтынуы;
– құқық қорғау органдарында, азаматтық қорғау органдарында, мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде қызметін толыққанды атқаруға кедергі келтіретін жасырын сырқаттар, өз-өзіне қол жұмсауға бейімдігілік;
– табысы туралы, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері, қос азаматтығының бар екендігі туралы мәліметтерді жасыруы немесе бұрмалауы;
– сыбайлас жемқорлыққа бару, бөгде адамдарға құпия немесе қызметтік ақпарат беруі фактілері;
– қылмыстық, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапқа тартылу фактілері;
– егер бұл бұрын қызметтік міндеттемелеріне кірмеген болса, тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен қатынас жасауы немесе коммерциялық құрылымдарға қатысуы;
– қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілері.
Шындық детекторы
Полиграфологиялық зерттеу немесе шындық детекторы адамның жекелеген физиологиялық реакцияларын арнайы датчиктердiң көмегiмен тiркеуден тұратын сауалнама жүргiзу рәсiмi.
Бұған дейін «Жаңа Қазақстанда» қызметінде ең ұзақ отырған әкімдер туралы жазғанбыз.