«Жағдай мүшкіл»: Машкевич, Шодиев және Ибрагимовтер холдингі Мозамбиктегі акцияларын сатпақшы
Машкевич, Шодиев және Ибрагимовтер отбасына тиесілі Eurasian Recourses Group (ERG) Мозамбиктегі активтерін сатуды, бұған қоса Конгода пайдалы қазбаларды өндіруге алған кейбір рұқсаттарын қайта қарауды қарастырып жатыр.
Соғыс және табыс
Холдингтің Африкадағы бөлімінің бас атқарушы директоры Николас Тринд Bloomberg TV арнасына осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай өзгерістер кобальт құнының төмен болуына байланысты қолға алынған. Әлем нарығында осы металды сатушылар көбейіп кетуіне байланысты кобальт құны рекордтық деңгейге дейін түсіп кеткен.
«Нарықтағы жағдай өте күрделі, тіпті аса ауыр десе де болады. Өйткені кобальт құны осы металдың саудада көбейіп кетуіне байланысты қатты түсіп кетті. Менің басты міндетім – Конгода тәртіп орнату, себебі осы республикадағы лицензиялардың бәрін сақтап қалуға көп шығын кетеді», – дейді Тринд.
Дегенмен топ-менеджер Конгоның шығысындағы соғыс ERG Africa қызметіне әсер ете қоймайды деп есептейді, себебі холдингтің осы елдегі активтері ұрыс жүріп жатқан жерден «әлдеқайда шалғайда» орналасқан. Триндтің айтуынша, компания Оңтүстік Африка және Зимбабведегі жобаларын жаңартуды көздеп отыр.
Бірнеше күн бұрын Reuters Конгодағы M23 қозғалыстың бүлікшілері елдің ірі екінші қаласы саналатын Гома әуежайын басып алғанын, ел астанасы Киншасадағы түрлі елдердің елшіліктеріне шабуылдағанын хабарлаған.
Осының алдында Eurasian Recourses Group (ERG) Конго Демократиялық Республикасында сапасы жоғары кобальт өндіру үшін кен байыту фабрикасын салуды жоспарлағанын жариялаған. Оның құрылысын Қытайдың BGRIMM Technology Group компаниясы жүргізеді деп хабарланған. Холдинг кобальтті Қытайға жеткізіп отыруды көздеген. Жобаға 250 млн доллар инвестиция салынады деп жоспарланған.
ERC есебіне үңілсек, холдингтің Африка құрлығында негізінен кобальт пен мыс өндіреді. Ондағы өндірістерде 5,1 мың адам істейді. Кәсіпорындардың экономикалық құны шамамен 2 млрд доллар.
Қазақстандағы табысынан көп
2023 жылы холдинг Конго мен Замбияда мыс, кобальт және басқа да түсті металл сатудан 1,527 млрд тапқан. Салыстырар болсақ, ERG Қазақстанда алюминий сатудан 1,076 млрд доллар табыс көрген.
«Курсив» ERG-ге осы мәселеге қатысты сауал жолдады, алайда материал жарияланған уақытта жауап келген жоқ.
Eurasian Resources Group холдингінің 40%-ы Қазақстан қаржы министрлігіне тиесілі. Бұған қоса, Александр Машкевич пен Ибрагимовтер отбасының 20,7%-дан үлесі бар. Холдингтің 18,6%-ы үлесі Патох Шодиевке тиесілі.
Forbes нұсқасы бойынша, Ибрагимовтер отбасы ең бай қазақстандықтар тізімінде жетінші орын алады. Оның байлығы 1,5 млрд доллар.
Израиль азаматтығын қабылдаған Александр Машкевич 2022 жылы 3,7 млрд доллармен ауқатты израильдіктер тізімінде алтыншы орында тұрған, алайда одан кейін миллиардерлер тізіміне кірмей қалған.
Еуразиялық топтың негізін қалаған үшеу – Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов (қайтыс болғаннан кейін оның холдингтегі үлесі әйелі мен балаларына өткен) 2005 жылы Forbes нұсқасымен Қазақстаннан шыққан алғашқы долларлық миллиардерлер атанған. Сол кезде олардың әрқайсының байлығы 1 млрд доллар деп бағаланған.