Ақылы жолмен жүру ақысы төрт есе арта ма – министр Қарабаев жауап берді

Қазақстанда ақылы жолдармен жүру ақысы төрт есе көбейе ме деген сауалға Көлік министрі Марат Қарабаев жауап берді.
Сейсенбі күні Астанадағы Үкімет сағатында республикадағы жолдар мәселесі талқыланды. Содан кейін журналистер үшін брифинг ұйымдастырған Көлік министрі Қарабаев ақылы жолдар тарифіне қатысты сауалдарға жауап берді.
Журналистердің бірі министрден «әлеуметтік желілерде биыл ақылы жолдар тарифі төрт есе көбейеді деген болжам таралып жатыр. Сол рас па?» деп сұраған.
«Ақылы жолдар төрт есе қымбаттайды деген әңгімелерді растамаймын. Тарифті көтеру әр жолда әртүрлі жүзеге асады. Біреуінде 30 пайыз, тағы бірінде 40 пайыз қымбаттауы мүмкін. Жалпы алғанда біз жәймендеп қымбаттатып жатырмыз.
Тағы қайталап айтам, оның жергілікті тұрғындарға ешқандай қатысы жоқ. Абоненттік төлем қанша болса, сол күйінде қала береді. Өзгерістер шетелдік, транзиттік көліктерге арналған. Тарифтер төрт есе қымбаттайды дегенді толықтай жоққа шығарамын», – деп түсіндірді Көлік министрі.
Үкімет сағатында Қарабаев былтыр ақылы жолдардан 48 млрд теңге көлемінде түсім түскенін мәлімдеген. Оның айтуынша, 2025 жылы осы саладағы табыс көлемі 60 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Түсімдердің артуына дәл осы жаңа ақылы жолдар көмектеседі.