Мұхтар Әуезов қайда оқыған?

Жарияланды
Академик Әлкей Марғұлан да Семей қазақ педагогикалық техникумында тәрбие алған/фото: gov.kz

Мұхтар Әуезовтің тұлға ретінде қалыптасуына Семей қаласындағы мұғалім семинариясының қосқан үлесі зор. Ұлы жазушы бұл білім ордасында 1915-1919 жылдары оқыған. Ол семинария қазір Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж.  

Бұл жерде Мұхтар Әуезовтен бөлек, Ж.Аймауытов, Қ.Сәтбаев, Әзілхан Нұршайықов және басқа да танымал тұлғалар білім алған.  

Қазақ педагогикалық техникумында көрнекті алаш қайраткері Халел Ғаббасов, педагог, журналист Сейітбаттал Мұстафин, педагог, жазушы, драматург Тайыр Жомартбаев, педагог, театр қайраткері Ғалиақпар Төребаев, ағартушы-журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев және басқа да азаматтар жұмыс істеген.

Сонымен қатар академик Әлкей Марғұлан да Семей қазақ педагогикалық техникумында тәрбие алған. Мұсатай Ақынжанов, Әбдіхамит Сембаев секілді ғылым докторлары, Қазақ ССР Ішкі Істер Министрі Шырақбек Қабылбаевтар да – осы оқу орнының түлектері.

Бұдан бөлек, бұл білім ордасынан үш бірдей Кеңес одағының батыры шыққан. Олар – Ізғұтты Айтықов, В.А. Шулятиков, В.Бунтовских.

Оқу-ағарту министрлігі бірқатар тұлғалардың қайда оқығаны туралы мәлімет жариялап отыр. Оған қарағанда, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлы 1921-1922 жылдары Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Байтұрсынұлы атындағы №13 орта мектепте оқыпты. Ал оның жерлесі, жазушы Шерхан Мұртаза 1941-1948 жылдары Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте білім алған.

Сондай-ақ оқыңыз