АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйге оралғаны IT-индустриясына әжептәуір әсер ететіні анық. Қоғамның барлық дерлік саласына ықпалы бар бұл саяси жағдай техно әлем үшін де жаңа мүмкіндіктер мен челленждерге толы болатын сыңайлы. Кейінгі айларда Америка әкімшілігінің дижитал экономика, монополияға қарсы реттеу, жасанды интеллект және басқа да маңызды мәселелерге қатысты ұстанымдары сараланған материал батыстық БАҚ беттерінде көп жазылды. Сарапшылардың ойына шолу жасап көрейік.
Алпауыт IT-компаниялардың айы оңынан туа ма?
Трамп әкімшілігі IT-саласындағы ірі ойыншыларға қысымды азайтатын сыңайлы. Өйткені қазірдің өзінде монополияға қарсы бастамалар қайта қаралып жатыр. Атап айтқанда, алпауыт IT-компаниялардың басын бюрократиямен қатырмау керек деп өз арасында талқы бастап кеткен. Тереңірек анализ жасауға қазір қаралып жатқан бірнеше монополияға қарсы істер де әсер етіп, соның арқасында болашақта реттеу бұрынғыға қарағанда «жұмсаруы» бек мүмкін. Бұл дегеніңіз —технологиялық алыптардың оң жамбасына келетін жаңалық.
Жасанды интеллектіні қалай реттейді?
АҚШ жасанды интеллект саласына едәуір мән береді. Әсіресе, оны әрмен қарай дамытуға ниетті. Алдыңғы әкімшілік салған шектеулерді қайта қарастырып, керегін қалдырып, керек емесін алып тастайтын болса керек.
«Трамп әкімшілігі жасанды интеллект саласындағы инновацияларды жеделдеткісі келеді. Соның арқасында қағазбастылық азайып, зерттеу жасалатын жобаларды көптеп қаржыландырады деп ойлаймын», – деді MIT Technology Review-де шыққан мақалада AI-сарапшы, доктор Эмили Чжан.
Шынында, Америка қазір ЖИ саласында зерттеу жасауға қосымша қаражат бөліп, стартаптарға да, ірі зерттеу орталықтарына да мүмкіндік беріп жатыр.
Иммиграциялық саясатта қандай өзгеріс болады?
IT-компанияларда шетелден тартылған маман көп жұмыс істейтіні белгілі. The New York Times жазуынша, Трамп әкімшілігі иммиграциялық шараларды күшейтіп жатыр. Виза саясатына қатысты алғашқы өзгерістердің өзі біршама әсер етіп үлгерген. Тіпті компаниялар қызметкерлерді жұмысқа алу, таланттарды қолдау және дамытуға қатысты стратегияларын қайта қарап жатыр деседі. Енді H-1B визаларын алу бұрынғыдан бетер қиындайды. Бірақ соның орнына дәстүрлі америкалық ЖОО-ларда оқығандарға арналған жаңа квоталар қосу мәселесі талқыланып жатқанын атап өту керек.
Криптовалюта және жарық диодты технологиялар саласы
Дижитал қаржы саласында оң өзгерістер болады деген болжам жасалып отыр.
«Жаңа әкімшілік криптоинвестиция жасауға тиімді шарттар ойластырамыз деп уәде берген. Сондықтан қазіргі шектеулер алып тасталуы мүмкін», – деп пікір білдірді CNBC материалында жарық диодты технологиялар саласының сарапшысы Томас Ривера.
Технологиялық инкубаторлармен бірігіп, Американың Қаржы министрлігі медициналық технологиялар саласында жұмыс істеп жатқан компанияларға салықты қалай жеңілдетуге болатынын талқылап жатқан көрінеді.
Контент, әлеуметтік желі бақылауда бола ма?
Заңнамадағы әлеуметтік желіде жарияланатын контентті реттеуге қатысты өзгеріс көпшілікті ойландырып тастады.
«Трамп әкімшілігі жалған ақпаратпен күресуге көмектесетін норматив база жасауға ниеттеніп отыр. Бірақ мұндай шаралар контент тарату алгоритміне ықпал етуі мүмкін», – деп жазылған Reuters-те осы тақырыпта жазылған материалында.
Қазіргі таңда алпауыт әлеуметтік желілердегі контентті модерациялау стандарты жасалып жатыр. Осы арқылы олар сөз еркіндігі мен фейк ақпараттың таралмауын бақылауда ұстаудың арасында баланс орнатпақ.
Бұған қоса, әлемдік БАҚ Трамптың Канада, Мексика мен Қытай тауарларына баж салығын енгізу туралы шешімін «сауда соғысының басталуы» деп бағалаған. Себебі Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына арыз түсірсе, Канада АҚШ тауарларына баж салығын енгізу туралы шешіммен жауап берді. «Сауда соғысы» басталғаннан кейін алтын бағасы қымбаттады.