Байлар мен жемқорлардан қайтарылған ақшаға Ұлытау өңірінде мектеп салынады

Жарияланды
2024 жылы мемлекетке 300 млрд теңгеге жуық қаражат қайтарылған /Фото: kursiv.media

Мемлекетке қайтарылған активтердің 1,4 млрд теңгесіне Ұлытау өңірінде 80 орындық мектеп салынады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

«Үкімет Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық мектеп салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, білім ошағы «Вокзал» шағын ауданында салынады. Бұл ауданда мектеп тапшы. Сол себепті аудан оқушылары қаланың басқа аудандарында орналасқан мектептерде оқуға мәжбүр. Орын тапшылығына байланысты қала мектептері екі ауысымды оқу тәртібін енгізген.

Жаңа мектеп бірінші кезекте орын тапшылығын шешеді. Сонымен бірге өңірде заман талабына сай мектеп пайда болып, білім сапасына да оң әсер етеді деп күтілуде.

Мемлекетке қайтарылған активтерге қайда жұмсалып жатыр?

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға 56,6 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа мынадай нысандар бой көтереді:

  • Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп;
  • Жетісу облысының Рудничный және Көксай ауылдарында мектеп;
  • Түркістан облысының Темірлан ауылында музыкалық мектеп;
  • Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешені;
  • Риддерде көпсалалы аурухана;
  • Шымкентте жатақхана;
  • Ақтөбеде балабақша;
  • Петропавлда балабақша салынады.

Заңсыз иемденілген активтер есебінен Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығы, Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешені мен Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы тұрғызылады.

2024 жылы мемлекетке қайтарылған активтер көлемі 300 млрд теңгені құраған. Оның ішінде Аустриядан қайтарылған ақша 36,8 млрд, Лихтенштейннен 116,7 млрд, БАӘ-ден 6,3 млрд, Түркиядан 6,5 млрд теңге.

Сондай-ақ оқыңыз