Әлеуметтік салық пен зейнетақы жарнасын бюджет есебінен төлеуге шама жете ме?
Үкімет қосылған құн салығын көтермекші. Бірақ есесіне жұмыс берушілер төлейтін әлеуметтік салық пен міндетті зейнетақы жарналарын өз мойнымызға аламыз деген уәде берді. Шын мәнінде бюджеттің шамасы жете ме әлде тағы да қосымша шығын ба? Ең бастысы, бұл шара шағын және орта бизнеске шынымен көмек бола ма? Kursiv осы жайлы «Zertteu Research Institute» қорының жетекшісі, сарапшы Шолпан Әйтеновамен сөйлесіп көрді.
Салық төлеуден босату деген не?
Шолпан Әйтенованың түсіндіруінше, салық төлеуден босату – дағдарыс кезінде қолданылатын қысқа мерзімді шара. Солай бизнес қиын жағдайда «демалып, есін жияды». Жұмысшыларына да уақытылы жалақысын төлеуге міндетті болады.
«Бірақ бізде қазір дағдарыс емес. Егер ресми цифрларға қарасақ, экономикамыз плюсте. Жұмыс берушілерге де соншалықты қысым жоқ. Онда неге жұмыс берушілерді салықтан босатқалы жатыр? Оған не себеп?», – дейді сарапшы.
Оның үстіне салықтан босатқанның өзінде жұмыс берушілер жалақыны да көтере алады деген сөз емес. Бизнесті салықтан босатқанмен, ешкім көбірек айлық төлеуге міндеттемейді. Ендеше салық пен міндетті жарнадан неге босатып жатыр?
Үкімет ҚҚС-ны көтерсек, кейбір салықтан босатамыз дейді. Бұл бизнеске тиімді ме?
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚҚС көтергені үшін салықтан босатамыз деді. Яғни кәсіпкерлер төлеу керек алымды бюджет өз мойнына алады. Қазір жұмыс берушілер әр қызметкер үшін кем дегенде еңбекақы қорына 40% салық/жарна төлейді. Егер әлеуметтік салық пен зейнетақы жарнасын мемлекет төлейтін болса, онда көрсеткіш 30%-ға азаяды.
Шолпан Әйтенова бұл жеңілдік ірі бизнес өкілдері үшін қолайлы, ал «шағын бизнес үшін ешқандай позитивті әсері» болмайды дейді.
«Ірі жұмыс берушілер үшін тиімді. Олар еңбекақы қорынан әжептеуір босатылады. Ал шағын бизнес, жеке кәсіпкерлердің еңбекақы қоры үлкен емес. Шаштаразда, сұлулық салондарында адамдар ары кетсе 3-4-ақ. Оларда үлкен жүктеме жоқ, сондықтан бұл компенсация тиімді емес. Біз тағы да ірі бизнестің жетегінде кетіп барамыз», – деді Әйтенова.
Үкімет шағын және орта бизнес үшін ҚҚС көтермекші. Бірақ олар ұсынып отырған салықтан босату туралы шара үлкен бизнес үшін тиімді. «Бұл жерде екі түрлі топ туралы айтылып отыр» дейді Шолпан Әйтенова.
Бюджет жұмыс берушілердің салығын төлеп беруге шамасы жете ме?
2024 жылдың есебі бойынша, 231,24 млрд теңге міндетті зейнетақы жарналары жиналған. Ол БЖЗҚ-ға барады. Ал әлеуметтік салықтан түскен түсім 1,5 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат жергілікті бюджетке барады. Сарапшы Әйтенованың сөзінше, бұл 1,5 трлн теңгені үкімет төлейміз дегенмен, бюджеткен қосымша шығын болады.
«Бұл салық (әлеуметтік салық – ред.) жергілікті бюджетке түсуі керек. Жергілікті бюджет көлемінің 20%-ын құрайды. Бұл біраз ақша, оны алса жергілікті бюджет құлдырап қалады. Республикалық бюджет ол 1,5 трлн теңгені де бір жерден алу керек қой. Олар 7 трлн теңгені жинап, 1,5 трлн теңгесін төлемекші. Бір қалтадан алып екінші қалтаға салғандай ғой. Айналып келгенде бюджетке шығын түссе, біз төлейміз», – дейді маман.
«Үкімет ешнәрсе өзгерткісі келмейді»
Сарапшы Шолпан Әйтенованың түсіндіруінше, қазір бюджет бүйірін толтырудың бірнеше әдісі бар. Олар:
- салық мөлшерін көтеру
- шығындарды қысқарту
- сыртқы қарыз алу
- ұлттық қордан трансферт алу
«Біз сыртқы қарызымызды алып, оның мөлшерін 30%-ға жеткізіп қойдық. Ұлттық қордан да трансферт алдық. Енді екі шара қалды. Салық көтеру және шығындарды азайту. Салықты көтере отырып, шығындарды азайту қажет. Соңғы жиналыста үкімет бюджетті қысқартамыз, үнемдейміз деген жоқ. Яғни үкімет өзінің үйреншікті әдетін өзгерткісі келмейді. Үйреніп қалған тәбетінен бас тартпайды», – дейді ол.
Салықтан, міндетті жарнадан босату деген шараларды іске қоспас бұрын үлкен талдау жасалуы керек.
«Пайда мен шығындардың өзара сәйкестігі деген бар. Ол шараның пайдасы мен теріс салдары бір-бірінен асып кетпей ме деген сөз. Оны үкімет есептеп, математикалық модельге салып, болжам жасайды. Дұрыс есептеу керек. Оны біздің үкімет жасамайды», – дейді Әйтенова.
Оның сөзінше, үкіметтің осал жері – сараптамалық бөлімі өте нашар жұмыс істеуінде.
«Осы уақытқа дейін бір шешім шығарғанда мынадай талдау жасадық деп үкіметке де, қоғамға да есеп бермеген», – дейді маман.
Қазір Қазақстандағы еңбекақы қоры 30%-40%. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 45-50 пайызға дейін жетеді.
«Себебі онда адамдар бюджетті мықты басқару бар екенін біледі. Ал бізде жемқорлық тәуекелдері, бюджет шығындарын тиімсіз басқару деген факторлар бар. Төлеген ақша біреудің қалтасына барса, бүгін салынған жол ертең бұзылса оны неге төлеуім керек дейді халық. Сенім деңгейі өте жоғары болуы тиіс», – деді Шолпан Әйтенова.