Жасанды интеллект сот орындаушыларды 550 млн теңге табыстан айырған
2024 жылдың жазында іске қосылған «Робот сот орындаушы» осы сала мамандарын 550 млн теңге табысынан айырған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков айтты.
«2024 жылдың тамыз айынан бүгінгі күнге дейін 9,6 млрд теңге сомасына 454 мың өндіріс қозғалды, бұл ретте үнемделген қаражат 551 млн теңгені құрайды», – деді вице-министр.
Министрлік өкілінің мәліметінше, қаражат азаматтардың айыппұлы мен қарызынан үнемделген. Өйткені айыппұл өндіру жұмысын робот тегін істейді. Cот орындаушылары бұл қызмет үшін борыш көлеміне 25% көлемінде үстеме қосады. Салдарынан азаматтар сот орындаушылардың қызметі үшін артық ақша төлеуге мәжбүр болады.
«Алдын ала есептеулер бойынша жеке сот орындаушыларының қызметіне төленетін 25%-ды алып тастау есебінен азаматтардың қаржылық жүктемесі жылына шамамен 5,5 млрд теңгеге азаймақ», – дейді Молдабеков.
Айта кетсек, робот жеке сот орындаушысының қатысуынсыз өндіріс ісін автоматты түрде қозғайды. Роботтар тек 20 АЕК-ке дейін айыппұлдар мен қарыз сомасы бойынша Egov Mobile арқылы 1414-тен SMS хабарлама және push-хабарлама жібере алады.
Бұл жасанды интеллектіні Әділет министрлігі 2024 жылдың тамызында іске қосқан болатын.