2024 жылы Құлыбаевқа қарасты фирмадан 54 нысан мемлекетке қайтарылған

Жарияланды

2024 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбав «Кипрос» ЖШС мен Joint Technologies ЖШС арқылы бақылап отырған «ТЭК-Қазақстан» компаниясынан мемлекет 54 нысанды қайтарып алған. Оның ішінде отын қоймалары, ғимараттар мен құрылыстар және басқа да дүние-мүлік бар.

Бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, бұл жайт органның 2024 жылғы жұмысының қорытындысында көрсетіліп отыр.

 «Өткен жылы мемлекетке бұрын заңсыз шығарылған бірқатар активтер қайтарылды. Атап айтқанда, мемлекет меншігіне ТЭК–Қазақстанның 54 объектісін беру аяқталды. Бұл отын қоймалары, ғимараттар мен құрылыстар, негізгі құралдардың басқа да топтары. «Қорғас» ШЫХО мүлкін қайтару қамтамасыз етілді: багаж терминалы және жер учаскесі», – делінген хабарламада.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, 2023-2024 жылдары көлік прокурорлары 20-дан акті толтырып, «ҚазАвтоЖолдың» 30 қызметкерін жауапқа тартқан. Олар қысқы кезеңге тиісті дайындық жасамаған көрінеді.

Осы уақыт ішінде  авиация саласында 25 тексеру жүргізіп,  110-ға жуық ереже бұзушылықты анықтапты. Қорытындыда бұл дерек бойынша 35 адам тәртіптік жазаға, ал 36 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бас көлік прокуратурасы 6 мың тасымалдаушының мүдделері қорғалғанын алға тартып отыр. Алматы метросын салу барысында 5 млрд теңгені қолды қылғандар ісі сотқа өтіп, олардың кінәсі анықталды. Алды үш жылға, арты жеті жылға сотталған.

Мемлекеттік кіріс комитеті 2025 жылдың бірінші жартысында тексеретін 655 компанияның ішінде Тимур Құлыбаевқа тиесілері де бар.

Сондай-ақ оқыңыз