Іргетасы 1937 жылы қаланған Алматыдағы №1 перзентхана бұзылады
Алматы әкімдігі Сейфуллин көшесінде орналасқан №1 перзентхананы бұзады. Бұл туралы Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.
«1937 жылы іргетасы қаланған №1 перзентхана ескіріп, заманауи стандарттарға сай келмей қалды. Қазіргі таңда жаңа корпустың жобалау жұмыстары аяқталуға жақын. Ал маусым айында мемлекеттік сараптама шығады. Осыдан кейін ескі ғимаратты сүру жұмыстары басталады. Жаңа ғимараттың құрылысы 2026 жылдың соңында аяқталып, пайдалануға беріледі», – деді әкім.
Жобаға әкімдік 12 млрд теңге бөледі.
Сонымен бірге Әйтеке би көшесінде орналасқан ревматологиялық орталықтың орнына аудан тұрғындарына арналған жаңа емхана бой көтереді.
«Жобаға 6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың мамыр айында аяқталады», – дейді Досаев.
Досаев Сайран көлінің маңын абаттандыру жұмыстарының аяқталуға жақын қалғанын айтты. Көктемгі мезгілде құрылыстың соңғы кезеңі жүргізіледі.
Осы орайда айта кетсек, Досаев жекеменшікке өтіп кеткен Сайран автовокзалын мемлекет меншігіне қайтаруға уәде берген болатын.