USAID Қазақстандағы жалған ақпаратпен күреске миллиондаған доллар бөлген

Жарияланды
USAID-тың Қазақстандағы жобалары / Фото: independent.co.uk

АҚШ Қазақстандағы жалған ақпаратпен күреске миллиондаған доллар бөлген. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Каролин Левитт хабарлады.

«Иракта жаңа шоу құруға 20 млн доллар, ал Қазақстандағы жалған ақпаратпен күреске 4,5 млн доллар бөлген. Байден Египеттегі туризмді қаржыландыруға тағы 6 млн доллар жұмсаған», – деп мәлімдеді Левитт.

Ақ үй өкілінің түсіндіруінше, ұйым қаржы бөлген Ирактағы шоу – «Сезам көшесі». Бұл Американың өзінде танымал болған телевизиялық бағдарлама. `»Сондай-ақ USAID Гватемаладағы жыныс ауыстыру жобаларына тағы 2 млн доллар жұмсаған»,– дейді Кэролин Левитт.

USAID-тен қаржы алатын қазақстандық ұйым

Америкалық департаменттің қаржысына жұмыс істейтін Қазақстандағы қордың бірі – Internews in Kazakhstan. Бұл халықаралық Internews Network ұйымының Қазақстандағы өкілдігі. Жалпы әлемнің 90 елінде кеңселері бар. Елімізде 25 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйым Қазақстанда медиа саласын дамытуға, БАҚ өкілдерін кәсіби оқытуға арналған жобаларды жүзеге асырады.

«Біздің миссиямыз – аймақтағы ақпараттық кеңістікті дамыту. Internews жобалары медиамамандардың кәсібилігін көтеру, медиа құқық пен медиасауатты дамытуға бағытталған», – деп жазылған ұйым сайтында.

Қордың басты серіктесінің бірі ретінде USAID көрсетілген. Ұйым медиамамандар арасында түрлі байқаулар өткізіп, гранттар береді. Оның ішінде жалған ақпаратпен күрес тақырыбы да бар.

Internews «Newreporter» атты сайт жобасын да жүзеге асырады. Ол жерде Қазақстан ғана емес Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстандағы авторларға арналған байқаулар өткізіледі. Түрлі гранттар беріледі.

АҚШ-тың Шетелдік көмек басқармасының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанға жалпы USAID-тен 7,8 млрд теңге көлемінде қаржы алған. Оның басым бөлігі денсаулық сақтау салаларына, демократия және адам құқықтары тақырыбындағы жобаларға бағытталған.

Қазір Вашингтондағы USAID-тың штаб-пәтері жабылды. Трамп бұйрығымен ұйымның барлық бағдарламалары тексерілгенге дейін жұмысы 90 күнге дейін тоқтап тұрады.

USAID — АҚШ президенті Джон Кеннеди бұйрығымен құрылған ең ірі және ең көне донор ұйымның бірі. 2023 жылы АҚШ USAID арқылы әртүрлі елдердегі түрлі салаларға деп 72 млрд доллар бөлген.

Сондай-ақ оқыңыз