Air Astana акцияларын кері сатып алу бағдарламасын жалғастыруға ниетті
Air Astana компаниясы акцияларын кері сатып алу бағдарламасының бірінші кезеңін аяқтаған. Компания buyback-ті одан әрі жалғастыруға ниетті. Бұл туралы Air Astana-ның IR қызметіне сілтеме жасай отырып, QAMS QazTrading хабарлайды.
«Бағдарламаның екінші кезеңінің басталғаны туралы компания қосымша хабарлайды», – делінген ақпаратты.
Air Astana 2024 жылғы 30 сәуірде өз акцияларын кері сатып алу (buyback) бағдарламасын бастаған. Бұл бағдарлама қызметкерлерді ынталандыру мақсатында қолға алынған. Алғашында 4 786 800 акция сатып алу жоспарланған еді, жалпы сомасы 12 млн доллардан аспауы тиіс болатын. Нәтижесінде, 4 638 555 акция (орналастырылған капиталдың 1.3%-ы) сатып алынды.
Компанияның IR қызметінің мәліметінше, осы акциялар қызметкерлер арасында 2025 жылғы ақпанда, яғни IPO-дан кейін бір жыл өткен соң бөлінбек.
Air Astana IPO және акция бағасының өзгеруі
Air Astana компаниясы 2024 жылғы ақпанда IPO өткізді. Акцияның бастапқы орналастыру бағасы 1 073,83 теңге, ал GDR бағасы 9,5 доллар болды (1 GDR = 4 акция). Алайда бір жыл ішінде компания акциялары 29,3%-ға арзандады.
2025 жылғы 5 ақпандағы KASE биржасындағы сауда қорытындысы бойынша акция бағасы 759 теңге деңгейінде жабылған.
Былтыр IPO-ға шыққан Air Astana 2025 жылы алғаш рет акционерлеріне дивиденд төлеуі мүмкін.