Назарбаев Университеті бұрынғы президенті Шигео Катсуды сотқа бермек
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/45-06-1024x576.jpg)
Назарбаев Университеті (NU) бұрынғы президенті Шигео Катсуға қарсы сотқа шағым дайындап жатыр. Ол университеттің қазіргі басшылығын жемқорлыққа қатысты айыптап, нашар басқарды деген болатын. Бұл туралы білім ордасының KursivMedia ресми сауалына берген жауабында жазылған.
Университеттің мәліметінше, іс АҚШ-та қаралады, бірақ толық ақпарат әзірге жарияланбайды.
Шигео Катсу НУ-ды 13 жыл басқарған. 2023 жылдың көктемінде қызметінен кетті.
2024 жылдың желтоқсанында Жоғары аудиторлық палата университетте 73 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын анықтаған соң, Катсу университет басшылығын сынға алды. Ол бұрынғы білім министрі Аслан Сәрінжіповтің университетке қайта оралуына алаңдаушылық білдіріп, НУ мен НЗМ-ді қаржыландыруға арналған NGF қоры дұрыс басқарылмағанын айтты.
НУ басшылығы Катсудың сөздері шындыққа сәйкес келмейді және халықты жаңылыстыруға бағытталған деп мәлімдеді. Олар экс-президент өз кезіндегі қателіктердің жауапкершілігін басқаларға аударуға тырысып жатыр деп санайды.