Air Astana акциялары KASE-де тарихи теріс көрсеткішті жаңартты

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Air Astana акциялары KASE-де тарихи теріс көрсеткішті жаңартты / shutterstock

Air Astana әуе компаниясының Қазақстан қор биржасында саудаланған қарапайым акциялары (AIRA) бейсенбі күні күрт құлдырап, тарихи теріс көрсеткішті жаңартты. AIRA бір күнде ғана 12 теңгеге құлады.

Әуе компаниясының акциясы 6 ақпандағы сауда-саттықты 747 теңгемен аяқтады. Бұл – тарихи теріс көрсеткіш.

2024 жылғы ақпанда IPO-ға 1190 теңгемен шыққан AIRA бір жылда 443 теңгеге арзандап, шамамен 37 пайыз құнынан айрылды.

AIRA-ның бұған дейінгі тарихи теріс көрсеткіші 2024 жылғы 4 желтоқсанда тіркелген. Сол кезде акция құны 755 теңгеге дейін құлдырап, кейін аздап нығайған. Бірақ бүгін 747 теңгеге дейін жетіп, екі ай бұрынғы тарихи теріс көрсеткіш жаңарды.

«Біз маркетмейкер немесе биржа брокері емеспіз. Өз жұмысымызды тиянақты атқарамыз. Нарық оны дұрыс бағалайды деп үміттенемін», – деген әуе компаниясының басшысы Питер Фостер акциялардың былтырғы құлдырауы кезінде.

Air Astana әуе компаниясы акцияларының 41 пайызы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына, 16,95 пайызы BAE Systems (Kazakhstan) Limited компаниясына, 6,5 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, қалған 35,55 пайызы басқа да акционерлерге тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз