Huawei-дің 2024 жылғы табысы 118 млрд доллардан асты

Жарияланды
Huawei компаниясының табысы артты / Фото: Reuters/Benoi tessier

Huawei-дің бір жылдағы табысы 22%-ға артты. Huawei директорлар кеңесінің төрағасы Лян Хуа 2024 жылы компанияның жылдық кірісі 860 млрд юаньнан (118,27 млрд доллар) асқанын мәлімдеді деп хабарлады Reuters.

Осылайша, компания АҚШ санкцияларының салдарын еңсеріп, табысын бір жылда 22%-ға арттырды.

«2024 жылы Huawei-дің көрсеткіштері күтілген деңгейге сәйкес қалыптасты, сатылым тұрақты өсім көрсетті. Ал автомобиль саласы қарқынды дамыды», – деді Лян Хуа.

Canalys мәліметінше, 2024 жылы Huawei Қытай смартфон нарығының 16%-дық үлесін иеленіп, Apple-ды басып озды.

Компания 2023 жылы соңғы төрт жылдағы рекордын жаңартқан. Технологиялық алпауыттың табысы бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 2023 жылы 9,63% өсіп, 704,2 миллиард юаньға (97,48 миллиард доллар) жеткен.

Сондай-ақ оқыңыз