Заңсыз иеленген субсидия ақшасына Toyota Land Cruiser алған кәсіпкер қамалды
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2022/01/old-image-75343.jpg)
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің басшысы 20219-2020 жылдар аралығында мемлекеттен заңсыз негізде субсидия алып келгені үшін қамауға алынды. Бұл туралы Қаржылық мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті ауылшаруашылық өндірістік кооперативі басшысының 50 млн теңгеден астам субсидияны заңсыз алу схемасын анықтады», – делінген агенттік хабарламасында.
Бұл қандай схема?
Кооператив басшысы мемлекеттің жоғары сапалы сүт өндірісін арттыру үшін әрі импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында сүт-тауар фермаларын ашуға берілетін субсидияны пайдаланған. Өндірістік кооператив басшысы 2019 жылдың мамырынан 2020 жылдың наурызына дейін жалған құжаттар жасаған. Нәтижесінде сүт өнімдерін өңдеуге бөлінген 50 миллион теңгеден астам субсидияны қалтасына басқан.
Ауыл шаруашылығы басқармасына өндірістік шығындарды растайтын жалған төлем құжаттарын ұсынған.
«Өндірістік шығындарды растау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына жеке кәсіпкерлерден шикі сүт сатып алғаны үшін өзара есеп айырысу туралы жалған құжаттар және май өндірісі туралы қасақана жалған ақпараттар беріп келген», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде сот шешімімен бұл құжаттардың барлығы да заңсыз деп танылған.
Бұл қаражатқа не алған?
Кооператив басшысының қаржылық қызметіне тексеріс барысында күдіктінің заңсыз алынған субсидияларға «TOYOTA LAND CRUISER PRADO 150» маркалы автокөлік сатып алғаны анықталған. Бұл қылмысын жасыру мақсатында кәсіпкер қымбат маркалы көлікті сенімді адамының атына рәсімдеген. Бірақ бұл көліктің заңсыз қаражатқа алынғаны расталып, сот санкциясымен аталған автокөлік тәркіленген.
«Күдіктіге қатысты сот 2 айға «қамауға алу» түрінде бұлтартпау шарасын тағайындады», деп хабарлайды ҚМА.