Қор нарығы: АҚШ енгізген баж салығының салдары, инвесторлар неге сақтық таныта бастады? Шай бағасы қымбаттады
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2023/08/7-1-1024x576.jpg)
АҚШ-та жұмыспен қамту туралы есеп жарияланады. Сол себепті инвесторлар сақтық таныта бастады. JPMorgan болжамы: АҚШ енгізген баж салығы нарықтағы құбылмалылықты арттырады. ФРЖ банк секторындағы стресс-тестілеуді жеңілдетті. Бұл нені білдіреді? 6 ақпанға арналған БАҚ шолуына зер салыңыз.
АҚШ-та жұмыспен қамту туралы есеп жарияланады
S&P 500 және Nasdaq Composite индекстері сауда барысында негізінен тұрақты болғанымен, сессия қорытындысы бойынша 0,36% және 0,51%-ға өсті. Ал Dow Jones 0,28%-ға төмендеді.
Уолл-стрит АҚШ-тың қаңтар айындағы жұмыспен қамту туралы есебін күтіп отыр. Ол бүгін жарияланады әрі бұл ФРЖ-ға ақша-несие саясатын жұмсарту бойынша келесі қадамдарды анықтауға көмектеседі.
Экономистер АҚШ-тағы ауыл шаруашылығынан тыс секторлардағы жұмыс орындары 169 мыңға көбейеді деп болжап отыр. Бұл желтоқсан айындағы көрсеткіштен (256 мың жаңа жұмыс орны) әлдеқайда аз.
Бағасы төмендеген акциялар қатарында Qualcomm, Skyworks Solutions, Ford Motor, Honeywell және басқа да компаниялар бар.
«Мұндай жағдай есепті кезеңдерде жиі кездеседі. Өйткені инвесторлар жеке компаниялардың негізгі көрсеткіштеріне көбірек көңіл бөледі», – деді Horizon Investments компаниясының өкілі Закари Хилл.
Сондай-ақ инвесторлар АҚШ-тың импортқа енгізетін баж салығына қатысты алаңдаушылығын бәсеңдеткен сыңайлы. Нарықтағы көңіл-күй Дональд Трамптың мексикалық және канадалық тауарларға 25%-дық баж салығының күшіне енуін бір айға шегеру туралы шешімінен кейін жақсарды.
ФРЖ банк секторындағы стресс-тестілеуді жеңілдетті
Федералды резерв жүйесі 2025 жылғы банк секторына арналған жылдық стресс-тестің шарттарын жариялады. Стресс-тест алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жеңілдетілген. Бұл АҚШ экономикасының ауыр күйзеліске ұшырау қаупі төмен екенін білдіруі мүмкін.
Осы жаңалықтан кейін Citigroup акциялары 3,6%-ға, Goldman Sachs – 1,95%-ға, Morgan Stanley – 1,54%-ға, Bank of America – 1,34%-ға қымбаттады. Инвесторлар ірі банктерге көбірек қызығушылық танытып, шағын несие ұйымдарына аса назар аударған жоқ. KBW Bank индексі 1,2%-ға, S&P Regional Banking ETF 0,9%-ға көтерілді.
Стресс-тестілеудегі өзгерістер Уолл-стрит сарапшыларының Трамп әкімшілігі кезінде ірі банктер реттеу талаптарының жеңілдеуімен бетпе-бет келеді деген болжамын растайды. Сонымен қатар 2025 жылы жұмыссыздық деңгейінің төмендеу қарқыны баяулап, акциялар мен жылжымайтын мүлік бағасының құлдырау қаупі азаяды деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, АҚШ-тың ірі банктері осыған дейін стресс-тестердің «түсініксіз және әділетсіз» өткізілетініне шағымданып келген-ді. Былтыр банк секторының бірқатар өкілі осы үшін ФРЖ-ны сотқа да берді.
Баж салығы нарықтағы құбылмалылықты арттырады – JPMorgan
JPMorgan сарапшылары қаржы нарықтарындағы осы аптадағы тұрақсыздық АҚШ-тың импорттық баж салығымен байланысты екенін жеткізді. Әрі бұл 2025 жылғы құбылмалылықтың тек бастамасы ғана екенін меңзеді.
Банк жыл сайынғы трейдерлер сауалнамасына (4200 респондент) сілтеме жасай отырып, 2025 жылы нарыққа айтарлықтай әсер ететін факторларды анықтады. Бұлар – инфляция, тариф және геосаяси шиеленіс.
Сауалнамаға қатысқандардың 41%-ы нарықтағы құбылмалылықты басты проблема деп атаған. 2024 жылы бұл көрсеткіш 28% болған-ды.
«Бұл жылдың ерекшелігі – нарықтағы құбылмалылық күтпеген жерден күрт өсті. Қазіргі жағдайда инвесторлар жаңалықтар легіне әдеттен тыс реакция танытуда және бұл үрдіс жалғасын табады», – деді JPMorgan-ның цифрлық нарықтар жөніндегі басшысы Эдди Вен.
Сауалнамаға қатысушылардың 71%-ы биыл криптовалюталармен сауда жасауды жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. Бір қызығы, мұндай жағдай Трамп сайлауда жеңіске жетіп, биткоин мен басқа да цифрлық активтер рекордтық деңгейге жеткеннен кейін орын алып отыр.
Үндістанда шай өндірісі 7,8%-ға қысқарып, баға қымбаттады
2024 жылы Үндістанның шай өндірісі 7,8%-ға азайып, 1 284,78 млн кг құрады, деп хабарлады Reuters.
Елдегі шай өндіретін ең ірі штат – Ассамда өнім көлемі 649,84 млн кг-ға дейін төмендеді. Бұл өткен жылғы 688,33 млн кг-мен салыстырғанда әжептәуір төмен. Өндірістің құлдырауына қатты ыстық пен егін жинау маусымындағы су тасқыны себеп болды.
Үндістан – әлемдегі шай өндіретін екінші ірі ел. Бұл ел негізінен CTC (crush-tear-curl) шайын Египет пен Ұлыбританияға, ал «ортодокс» шайын Ирак, Иран және Ресейге экспорттайды.
Өндірістің қысқаруы шай бағасының қымбаттауына алып келді. 2024 жылы шайдың орташа бағасы 1 кг үшін 198,76 үнді рупиіне тең болды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға қымбат.