Шымкент МӨЗ-інде аяқасты ақау шығып, 4 күннен бері дизель отынын өндіру тоқтаған

Жарияланды
Шымкент МӨЗ дизель отыны
Шымкент МӨЗ-і 4 ақпаннан бері дизель отынын өндіруді тоқтатқан / Фото: Шымкент МӨЗ; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шымкент мұнай зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты дизель отынын шығаруды тоқтатты. Бұл туралы өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып Reuters басылымы хабарлады.

Шымкент МӨЗ-і қашаннан бері жұмыс істемейді?

«Шымкент мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты 4 ақпаннан бастап дизельдік отын өндіруді тоқтатты», – деп хабарлады басылым.

Басылым дереккөзінің хабарлауынша, Шымкент мұнай өңдеу зауыты осы аптаның соңына дейін гидротазалау қондырғысын жөндеуден өткізеді. Ал дизель шығару 4 ақпан күні тоқтаған.

Зауыт неге жұмыс істемей қалды?

«ҚазМұнайГаз» компаниясы қаңтарда Шымкент мұнай зауытында 25-28 ақпан аралығында отынды гидротазалау қондырғысындағы катализатор ауыстырылатыны жөнінде хабарлаған. Бірақ техникалық ақауларға байланысты айдың соңына жоспарланған бұл шара айдың басына ауыстырылған.

«Зауыт техникалық ақауға байланысты жұмысын 4-8 ақпанға ауыстыруға мәжбүр болды», – деп хабарлаған басылымға дереккөз.

Бұл оқиғадан кейін Шымкент мұнай өңдеу зауытынан тасымалданатын дизель отынының көлемі күрт төмендеп кеткен.

Зауыт кімге тиесілі?

Бұл зауыт жылына 6 млн тонна мұнай өңдейді. Зауыт ҚМГ мен Қытайдың CNPC компаниясына тиесілі. 2024 жылы зауытта 5,74 млн тонна мұнай өңделген. Соның ішінде автобензин өндірісі 2,09 млн тонна, дизель отыны – 1,78 млн тонна, авиациялық отын – 319 000 тонна, сұйытылған мұнай газы – 335 000 тоннанын құраған.

Былтырғы күзде Атырау МӨЗ-інде жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз